Петропавлда автокөліктерге жанармай құю стансасына қарақшылық шабуыл жасалды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасына Уәлиханов көшесіндегі жанармай құю стансасына қарақшылық шабуыл жасалғандығы жөнінде хабар түседі. Оқиға кешкі сегіздер шамасында болған. Павильонға бетперде киген біреу кіріп, кассирді пышақпен қорқытып ақша талап еткен. Кассирдің дабылды басып үлгергенін көрген қарақшы бірден қашқан. Бірінші полиция бөлімі криминалды полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, қылмыс жасалған ауданды зерттеді. Нәтижесінде, бұрын сотталмаған Петропавл қаласының 26 жастағы тұрғыны қолға түсті. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Өзінің айтуынша, ол жанармай құю стансасына ойда жоқта шабуыл жасаған, соған қарамастан өзімен бірге медициналық бетперде мен пышақ болған. Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімі бастығы Балабек Жақин мәлім еткендей, бұл қылмыс «Қарақшылық» бабы бойынша тергеліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлердің пікірінше, қылмыстың ізін суытпай ашуға бейнекамералардағы жазбалар көп көмектескен. Сондай-ақ, адамдардың жылдам хабар беруі де тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдеткен.
www.inform.kz