Бүгінде елімізде өз кәсібін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған жастарды көргенде көңілің сүйсінеді. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары бесіктен белі шықпаған балалар бүгінде ұжымды басқарып, “Отызында орда бұзған” ел ағаларының ізін басып келеді. Осындай жастардың бірі – “Кенжетаев Clinic” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жандос Кенжетаев.
2009 жылы Астана медициналық академиясын бітіріп, тіс дәрігері мамандығын алып шыққан Жандос бірден туған жеріне оралды. Облыс орталығындағы “Дентэкс” ЖШС-іне жұмысқа орналасып, аз уақыттың ішінде жақсы қырынан таныла білді. Жас маманның алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын алғыр қасиетін, іскерлігін байқаған тәжірибелі әріптестері кәсіпкерлікпен айналысуға кеңес береді. Бастапқыда ол бұл ұсынысты қалжың ретінде қабылдағанымен, ой елегінен өткізе келе, расында да неге бағымды сынап көрмеске деген тоқтамға келеді.
– Жеке емханам болса деп армандайтынмын. Аудан орталығында стоматологиялық кабинет тапшы екендігін ескеріп, нысанды осы жерден ашуды жөн санадым, – дейді Жандос Кенжетаев.
Алайда, қомақты қаржылық қолдаусыз ештеңе өнбейтінін аңғарып, көпке дейін батылы жетпепті. “Досы көпті жау алмайды” демекші, құлынтайдай бірге өскен жора-жолдастарының қолдауының арқасында бастапқыдағы үрейін жеңе біледі. Әрі достары Смирновоның орталық көшелерінің бірінің бойында иесіз тұрған бір ғимаратты көрсетеді. Бұрын дүкен болса да, бүгінде иесіз қалып, аукцион арқылы сатуға қойылыпты. Бұл 2013 жылдың күзі болатын. Тозығы жеткен үйді өз қаражатына қалпына келтіріп, анадайдан көз тартатын жаңа стоматогиялық ғимараттың маңдайшасына “Кенжетаев Clinic” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп жазып қойды. “Даму” қоры арқылы тегін кәсіпкерлік курста оқығаннан кейін “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламаның қатысушысы ретінде қолайлы шартпен несие алады. Бұл қаражатқа стоматологиялық құрал-жабдықтар алып, шағын кабинет талапқа сай жабдықталды.
– Бұрын бір ғана стоматологиялық кабинет жұмыс істеп келсе, бүгінде емдеу, тіс жұлу, тіс тістемесін түзету, тағы басқа қызметтер көрсетіледі. Қосымша екі зертхана мен рентген кабинетін іске қостық. Қаладағыдан бір кем емес. Баға қолжетімді, – дейді серіктестік директоры Жандос Кенжетаев.
Тіс емханасының жұмысы жолға қойылғаннан кейін кәсібін кеңейтуді көздеген жеке кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында екі бөлмелі үй сатып алып, оған емдеу кабинеті мен дәріхана орналасты, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінде қарамағындағы 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашаққа жоспар құрып үйренген жігіттің көздегені әлі де көп.
Әйгерім ҚАЗИЕВА,
журналист.