Бірінші лига командалары арасында өтіп жатқан біріншіліктің 22-ші турында облыс орталығындағы “Қарасай” стадионында жергілікті “Қызылжар” футбол клубы “Мақтаарал” командасымен кездесіп, жеңіске жетті.
Бұған дейін Әли Әлиев бастаған аяқ доп шеберлері сырт алаңда Теміртау қаласының “Шахтер-Болат” клубына қарсы ойнап, 2:1 есебімен басым түскен болатын. Қызылжарлықтар бұл жолғы қарсыласымен болған үш кездесудің екеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түскен. Сондықтан бұл жолы да басымдық танытатына ешкім күмән келтірген жоқ.
Ойын басталысымен жерлестеріміз қарсыластың қақпасына бірнеше шабуыл жасады. Дегенмен, бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Бұл олқылықтың орны ойынның екінші бөлігінде толтырылды. Айналдырған 20 минуттың ішінде үш бірдей гол соғылды. Максим Драченко ойынның 64-ші минутында есеп ашса, Момоду Сисей 70-ші минутта мергендік танытты. Ал кездесудің аяқталуына он минут қалған кезде Максим Драченко дубльдің авторы атанды.
Жерлестеріміздің еншісінде 48 ұпай. Олар турнир кестесінде екінші орында келеді. Петропавлдықтар соңғы бес ойында төрт рет жеңіске жетсе, бір ойынды тең нәтижемен аяқтаған. Осылайша, қарқынға қарқын қосқан жерлестеріміз 50 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұрған ақтаулық “Каспи” клубына бір табан жақындай түсті.
Сурет http://fiestino.ru сайтынан алынды.