– Баатырбек Рысқұлұлы, біздің қоғам қазақ тілді және орыс тілді болып екіге бөлінетіні жасырын емес. Сіз алғашында қазақ театрында жұмыс істедіңіз. Қазір орыс театрының дамуына үлесіңізді қосып жүрсіз. Көрші өңір – Қостанайдың облыстық театрында да өз қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Өнерде шынымен шекара жоқ екеніне көз жеткіздіңіз бе?
– Иә, өнерде ешқандай шекара жоқ. Мен Қырғызстаннан келіп, осы жерде еңбек етіп жүрмін. Адамның жан дүниесі барлық жерде бірдей. Бәрі бірдей жылайды, қуанады, қайғырады, шаттанады, ғашық болады. Айырмашылық тек жұмыс істеу әдісінде. Мысалы, қазақ театрында актерлерге «Мына жерде тұрасың, мынаны былай айтасың» деп жалпы нұсқау берсең жеткілікті. Белгілі драматург Михаил Чеховтың «Кейіпкер тұлғасын жасау сырттан ішке қарай жүруі тиіс» деген теориясы бар. Бұл жүйе бойынша актер алдымен кейіпкеріне тән қимыл-қозғалысты, жүріс-тұрысты, мимиканы ойластырады, содан кейін барып сол сыртқы бейнені ішкі мазмұнмен толтырады.
Ал орыс актерлері керісінше «іштен сыртқа қарай» Константин Станиславскийдің жүйесімен жұмыс істейді. Алдымен кейіпкерді түсініп аламыз, оқиғаларды талдаймыз, содан соң әрекет етеміз. Яғни қазақ және орыс театрындағы актерлердің ақпаратты қабылдау тәсілі әртүрлі. Тіл мен жұмыс стилі бөлек болғанымен, сезім бір. Мені таңғалдыратыны да осы. Шығармашылық адамы үшін мұндай өзгерістер өте қажет.
– Өнер саясаттан ада ма?
– Елімізде жасанды интеллект дамып келе жатыр ғой. Кейде бізден «Жасанды интеллектіні қолданасыңдар ма?» деп сұрайды, «LED-экранды неге пайдаланбайсыңдар?» деген ескерту жасалады. Театрға жасанды интеллект қажет емес. Біз адамның рухани әлемі үшін еңбек етуіміз керек. Өнердің негізгі міндеті – халықты мәңгүрттенуден сақтау. Бейәдеп әрекеттерден, ақымақтықтан, дөрекіліктен, зұлымдықтан, соғыстан арашалап қалу. Әр қойылып жатқан спектакльдің негізгі мақсаты – халықты жақсылыққа баулу. Адамның айуаннан айырмашылығы – ақылында. Тек мәдениет арқылы, өнер арқылы адам жанын арашалаймыз. Кейде батысқа қарап бой түзегіміз келеді. Біз қазақ дүниетанымымен өмір сүруіміз керек. Мысалы, «Шолпанның күнәсі» спектаклі көп фестивальдерге қатысты. Ол өзгелерге қазақы дүниетанымымен қызық болды. Біз өзімізді, төл өнерімізді бағалап, насихаттауымыз керек.
– Театрда маман тапшы деп жиі айтылып жүр. Жастар актер болғысы келмей ме, әлде қабілет кемшін бе?
– Ірі қалаларда да, өңірлерде де актерлерді даярлайтын оқу орындары бар. Алайда мамандарды оқыту сапасы ақсап тұр. «Ән айтсам, би билесем, сөйлеу шеберлігін арттырсам болды, дайын актермін» деп ойлайды. Осындай жеңіл ойдың жетегінде жүрген балалар театр сахнасына шыққан кезде қатты қиналады. Актерлік – үйреніп алатын мамандық емес. Қаныңда жұрнағы болмаса, жүре жөнделіп кету қиын. Иә, таза еңбекпен актер болып жүргендер де бар. Бірақ адамның бойында дарын болуы керек. Икемі болмаса, өзін де, өзгелерді де қинап қажеті жоқ.
Режиссер айтар ойын актер арқылы жеткізеді. Кей жас актерлер сахнада адам жанын ашып көрсете алмаса, сең соққан балықтай қағылып-соғылып жүреді. Сондайға тап болған соң басқа салаға ауысып кетіп қалады. Қазір жақсы актерлер өте сирек.
– Соңғы жылдары қазақша кинолар көп жарық көрді. Түрлі жанрдағы картиналарда негізінен театр актерлері бой көрсетіп жүр. Көрермен тарапынан фильмдерде тек кино актерлері ойнауы керек, театрдағыларда жасандылық, әсірелеу басым деген сый айтылады. Жалпы театр және кино актері деп бөлу қаншалықты орынды?
– Мен – театр және кино актерімін. Кино актерін бөлек оқыту жүйесі жоқ. Бәріміз Константин Станиславский мен Михаил Чеховтың театрға арналған теориясы бойынша білім алдық. Егер көрермен тарапынан сын болса, ол актерге емес, режиссерге айтылуы керек. Актердің ойынында жасандылық болса, не әсірелеп жіберсе, режиссер ол эпизодты қайтадан ойнатуы тиіс. Мысалы, А.Чеховтың, У.Шекспирдің, М.Әуезовтің кейіпкерлері – бір-біріне ұқсамайтын образдар. Алайда соны кейбір актерлер бір қалыппен ойнап шығады. Бір-бірінен айырмашылығы болмайды. Бірақ осыны режиссер «ә» дегеннен аңғаруы тиіс. Менің ойымша, қазіргі режиссерлер көбіне өзінің авторитеті үшін ғана жұмыс істейді.
Құдайберген Сұлтанбаев бірде «Менің обалым режиссерлерде» деген екен. Неге? Себебі оған режиссерлер тек комедиялық рөлдерді ұсынған. Ал қырғыздың Болотбек Шәмшиев деген режиссері оны «Фудзиямадағы қадыр түн» картинасына шақырып, драмалық рөл ұсынған. Осылайша Құдайберген Сұлтанбаевтың актерлік шеберлігін басқа қырынан ашқан. Бұл режиссер актерлердің «қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарады» екен. Сөздің айтылуы, ишара, көзқарас ұнамаса, эпизод көңілінен шыққанша қайта-қайта түсіруі мүмкін. Бірақ фильмдері жақсы шығады. Режиссер нағыз шебер болса, осындай жанкештіліктің арқасында ғана керемет туынды түсіреді. Осындай режиссерлердің жоқтығынан қазіргі кинолардың сапасы төмен.
– Қойылым көрерменді біресе күлдірсе, енді бірде мұңайтып, жүректің қылын тербеп, адамға неше түрлі ой салады. Сіздің актерлер арқылы айтқыңыз келген ойыңызды көрермен түсініп жүр ме?
– Өткенде «Шокан. Монолог шепотом» спектаклін Түркістанда өткен фестивальге апардық. Мен осы спектакльде Шоқанның «мен кімге қызмет етіп жүрмін» деген ішкі арпалысын көрсеткім келді. Спектакльде Шоқан айнаға қараған кезде артынан орыстың силуэті көрінеді. Ол – образ. Бірақ оны театр сыншылары Шоқанның бейнесі ғана деп қабылдады. «Айнаға қарап тұрған қазақтың артынан неге орыстың силуэты шығады?» деп ойламады. Образ ретінде түсінбеді. Сахнаның тілі – аллегория, метафора, символ. Режиссер осы арқылы ойын ашады. Өкінішке қарай, кейде ойымызды түсінбей де қалуы мүмкін. Спектаклдің астарын түсініп, пікірлерін айтқан қарапайым көрермен де бар.
– Ал жуырда сахналанған «Дураки» спектаклі арқылы қоғамның таразысына қандай ой тастағыңыз келді?
– «Дураки» – америкалық драматург Нил Саймонның пьесасы. Бұл шығармада кеңес қоғамының кейбір келеңсіз тұстары әзіл мен сатира арқылы әжуаланады. Автор тоталитарлық жүйенің, адамдарды шектеу мен бір тұлғаға табынудың қисынсыздығын көрсетеді. Егер бұл мәселелер тікелей, ашық айтылса, шығарма драмаға айналып кетер еді. Бірақ автор мұны сатира, жеңіл юмор арқылы жеткізіп, өте сәтті тәсіл тапқан. Қазір қоғамда көптеген мәселеге талдау жасамай, дайын ақпаратқа сене салу үрдісі бар. Фейктің қайдан шыққанын, кім таратқанын анықтамай-ақ, шу көтеріп жатамыз. Ештеңенің мәніне терең бойламай, ой елегінен өткізбей еліктеп кетуге бейімбіз. Өз заманында И.Сталин қайтыс болғанда «Енді күніміз не болады?» деп ел жаппай жылағаны белгілі. Қазақстанда да бірінші президент кетсе, ел тентіреп қалатындай көрінген кездер болды. Бірақ өмір жалғасып жатыр, еліміз дамып келеді. Спектакльдің өзектілігі де – осында. Көрермен көргенін қорытып, «бұл біз туралы, қазіргі қоғам туралы» деп ой түюі керек. Сырт көз кейде біз байқамайтын нәрселерді көреді. Біздің өміріміздегі кейбір құбылыстардың абсурдты екенін сырттан бақылаған адамдар жақсы түсінеді. Бұл спектакльдің сюжеті осындай ойлардан туған.
– Бүгінгі мәдениеттің бет-бейнесі қандай?
– Сарабдал театр сыншысы Әшірбек Сығай «Тазарғың келсе театрға бар» деген ұлағатты сөз қалдырған. Иә, театр бүлкілдеп тұрған жүрегің мен қимылдаған жаныңның дауасы. Жаныңа ем іздесең, театрға бар. Түрлі тағдырлар да, сан қилы оқиғалар да, арпалысқан алыптардың жанкештілігі де бәрі-бәрі сол шаңырақ астына тоғысқан. Бірақ қазір театр ойын-сауық, мерейтой өткізетін орынға айналып барады. Бұл – ащы да болса шындық. Мәдениетті, өнерді осындай іс-шарлардың деңгейіне түсірдік. Мәселен, Өзбекәлі Жәнібеков туралы спектакль қойылса, оның тағдырының бетін қалқып алып, жеңіл драмаға айналдырып жібереміз. Кеңес үкіметі кезінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін діни нысан, ешқандай құндылығы жоқ деп мал қораға айналдырған. Оны музей етіп құруда, тайқазанды елге қайтарып, орнына орнықтыруда ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше. Оның ұлт мүддесіне қызмет еткен осы бір еңбегін неге тереңнен зерттеп насихаттамаймыз? Осы салада жүрген шенді-шекпенділер Өзбекәлі Жәнібеков сияқты «Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті» деген ұстаныммен еңбек етуі керек.
Елдесуді, ғашық болуды, бейбіт өмірді сақтауды неге насихаттамаймыз? Өткенде бір көрермен: «Шоқан мен Достаевскидің шынымен дос болғанына көзім жетті. Бұрын Шоқан Достаевскиймен бір деңгейде сөйлеспеген деп ойлаушы едім. Ол Абылай ханның шөбересі болғанын да енді білдім» деді. Бір көрерменнің дүниетанымын кеңейткеніме, қойылым оған пайдалы болғанына қатты қуандым. Театр ұлтты осындай терең дүниелермен тәрбиелейді. Алайда қоғам алдындағы осы бір борышты қалай орындау керек екенін түсінбейміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».