«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫ ҒАСЫР БОЙЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавлдың “Береке” шағынауданында бұл күні “Қолжетімді тұрғын үй – 2020”, “Жас отбасы” бағдарламалары бойынша 15 және 27 пәтерлік екі және үш қабатты 6 үйдің, 72 пәтерлік бес қабатты 2 үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның екі нысанын Қайдар Атажанов басқаратын “Строитель” компаниясы” ЖШС-і атқаруда. Онда зейнет демалысына шықса да, әлі құрылыстан қол үзе қоймаған Сергей Митин (суретте) аға прораб болып еңбек етеді. Мұны ұжымда өзіндік орны бар бесаспап маманды бағалағандықтың белгісі деп түсіндік…

5-ші Сенной мен Ә.Досмұхамбетов қысқа көшелерінің қиылысында салынып жатқан бес қабатты үйдің құрылысына тәжірибелі маман, осы салада 50 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан аға прораб Сергей Митин басшылық жасауда.

– Мен облыс орталығындағы №3 құрылыс-жинақтау басқармасына (СМУ-3) құрылысшы болып жұмысқа қабылданғанымда 16 жаста болатынмын. Бұл кәсіптің ұнағандығы соншалық, әскери борышымды өтегеннен кейін Петропавл механика техникумын прораб мамандығы бойынша бітірдім. Осы салада аяқталмаған жоғары білімім де бар. Еңбек жолымды бастағаннан бері біздің басқарма бірнеше қайта құрылу жолынан өтті. Қазір “Строитель” компаниясы” ЖШС деп аталады. Бауыр басқан ұжымда табан аудармастан шебер, өндірістік-техникалық бөлімнің инженері болып еңбек еттім, қазір аға прорабпын, – дейді Сергей Петрович.

Сергей Митиннің құрылысшы ретінде алғашқы аяқтаған нысаны қазіргі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Пушкин көшесінде орналасқан жатақханасы екен. Оған да 49 жыл болыпты. Содан бері С.Мұқанов атындағы әмбебап-ғылыми кітапхананың, “Алтын арман” базарындағы негізгі сауда ғимаратының құрылысына қатысқан.  

– Өткен жылы Булаево қаласында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емхананың құрылысын аяқтадық. Осы “Береке” шағынауданында “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша салынатын 27 пәтерлік үшқабатты ғимараттың құрылысын өткен жылы қолға алғамыз. Оның қабырғасын қалауды және шатырын жабуды толығымен бітірдік. Есік-терезелері, жылыту жүйелері, электр жабдықтары орнатылған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда. Оның маңайын абаттандыру көктем шыға басталады. Аталмыш нысанның пайдалануға берілуі қосымша электр станциясының іске қосылуына байланысты. Құрылысшылар тарапынан ешқандай кедергі болмайды, – дейді “Строитель” компаниясы” ЖШС-нің аға прорабы Сергей Митин.

Аталмыш компания 75 пәтерлік бесқабатты үйдің іргетасын қалауды өткен жылы қолға алған болатын. Құрылыс алаңы қоршалып, дер кезінде мұнаралық кран орнатылыпты. Қазіргі кезде үйдің бірінші қабатының кірпіштері қаланып жатыр.

– “Петропавл қалалық құрылыс бөлімі” ММ-нің тапсырысы бойынша салынып жатқан үйде 24 тас қалаушы еңбек етуде. Олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Материалдар жеткілікті. Жұмыс кестесі бойынша 24 – бір, 48 екі пәтерлік үйді биыл тамыз айында тапсыруға тиіспіз. Бұл – міндет. Сол уәдеден шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз, – дейді Қызылжар өңірінің құрылысына қомақты үлес қосып жүрген бесаспап маман.

Осынау саналы ғұмырында 200-ден астам нысан салуға қатысқан Сергей Митиннің еңбегі өткен жылы лайықты бағасын алды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін “Құрмет” орденімен марапатталды.

 

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp