«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРЫС ЖОЛЫНДА — ЖУРНАЛИСТЕР

Өңірдің журналистер қауымы өткен сенбі күнін “Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамының стадионында өткізді.

Қалам мен микрофонды өмірлік серік еткен жандарды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Виктор Букреев және облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы сайыстарда сәттілік тіледі.

Спорттық шараға жүзден астам адам қатысты. Олардың арасында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері, облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары бар. Бір атап өтерлігі, әр мекеме өз командасын бәйгеге қосты. Ал Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Жамбыл аудандық газеттері мен облыстық “Северный Казахстан” газетінің ұжымдары бір топ құрып, сайысқа түсті.

Спартакиадаға қатысушылар спорттың шахмат, жеңіл атлетика, гір көтеру, садақ ату, үстел теннисі, шағын футбол және волейбол сияқты түрлерінен күш сынасты.

Бақ пен бап таластырған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің спартакиадасының қорытындысына келсек, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің өкілдері – Жарасбай Сүлейменов үстел теннисінен ерлер арасында екінші орынға ие болса, Гүлгүл Қуатқызы нәзік жандар арасында үшінші болды. Ал жарыс барысында қатысушылар мен көрермендердің қызығушылығын оятқан шағын футболда біздің команда төртінші орынға табан тіреді.

Журналистердің арасында ұйымдастырылған спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпы есепте “Меншікті тілшілер” (136 ұпай) жеңіске жетті. Екінші орыннан “Аудандық газеттер” (135 ұпай) спортшылары көрінсе, “Қазақстан-Петропавл” құрамасы (122 ұпай) үшінші орынды місе тұтты. Ал “Солтүстік Қазақстан” газетінің ұжымы (98 ұпай) төртінші орынға ие болды.

Үздік бестікке енген командаларға бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, жекелей сында жеңімпаз атанған сайыскерлер де медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: үстел теннисінен үшінші орын иегері, “Солтүстік Қазақстан” газетінің аға тілшісі Гүлгүл Қуатқызы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp