Қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі, танымал тележүргізуші, жерлесіміз Совет Масғұтов көзі тірі болса сексен жасқа толар еді. Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылында дүниеге келген оның есімі әлі күнге дейін көрермендер жадынан өшкен жоқ. Өз заманында жұлдызы жарқыраған танымал журналист жайлы Сүлейман Демирел университеттің профессоры Құдайберген Тұрсынның мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Тұңғыш, алғашқы, бірінші. Отандық телеэкран тарихында қазақ және орыс тілдерінде ерлер арасынан шыққан тұңғыш диктор, алғашқы комментатор, телерепортажды бірінші жүргізуші. Сыры мен сыны бөлек, өнердің жаңа әрі беймәлім түрінен тұңғыш атану кім-кімге де зор бақыт әрі үлкен сын. Бір басына сымбат пен көрік әрі парасат пен білім қатар қонақтаған Совет Масғұтов – өткен ғасырдың алпысыншы жылдары күнделікті көгілдір экранның көркі және жампозы атанған талантты, ұлттық телеөнер тарихындағы аса сирек тұлға.
Қазақ топырағына қадасын қаққан синтезді өнердің бар болмысын, тысы мен астарын қатар ақтарып, оператор камерасының көзіне қаймықпастан тура қараған, жорға жүрісті, тілге шешен Советтің дикторлық пен комментаторлық тізгінді тең ұстауы – телеэкран тарихындағы тың оқиға. Дикторлыққа келісті келбет, жылы жүзді, қоңыр дауысты, мамық үнді, әуезді сөз иесі болумен қатар, жазылғанды көркемдеп оқу ғана емес, оны жүрек тезіне салып, оған жан дүниеңнің жылуын, мидың мың градустық қызуын қоса отырып, аудиторияға сөзді дәмдеп, фактіні дәлелдеп, оқиғаны шегелеп жеткізетін алымпаздық керек-ақ. Туған топырақта телеөнер мектебі жоқ кездің өзінде-ақ осыншалық биікке шығу тума талант иесінің ғана қолынан келетін батылдық әрі жампоздық.
Ой тереңінің қатпарларында қорытылып, әбден қайнауы жеткен, өмірмен өзектес ойлар хабарда бар қырынан жарқырай ашылып көрiнiс тапса, ол сан миллиондаған көрермендер жүрегiне де жылы қонақтайды. Сәбеңнің қолтаңбасы мен жүрегінің жылуына оралған сан хабарлардың өзегiнде де, мазмұнында да тағылымды жанның толғаныстары мен жан толқыныстары қалды. Орта Азияның төрт республикасы мен Қазақстан өмiрiн қамтитын “Достық экраны” хабары, саналуан тағдырлы жүректермен сыр бөлiскен “Сырласу”, қиын да қызықты өмiр жолдарын көрсете отырып, көпшiлiктi бiр-бiрiмен табыстырған “Мың да бiр рақмет”, жалындаған жастықтың күш-қайратын танытқан тележарыс топтамалары “Пай-пай, жиырма бес” телеклубтарының әрбiрiнде Советтiң қиялы мен қисынының тұтастық тапқан сәттерi айқын байқалып отырады.
Төл телевизиямыздың тарихында алғашқы “бейнефильм” жасауды қолға алған да Совет Масғұтов болатын. Оның атақты күрiшшi Ұлбала Алтайбаева туралы “Октябрьден нәр алған, республика!” атты бейнефильмi, екi мәрте Еңбек Ерi Ыбырай Жақаев, шопан ата Жазылбек Қуанышбаев, т.б. жайындағы әсерлi әрi мазмұнды телехабарлары автордың ерен шеберлiгi, өзгеше қолтаңбасы және айшықты өрнектерiмен көрермендер есiнде қалды. Автордың кейіпкер бейнелерiн толқыныс пен толғаныста, қуаныш пен ренiште аша отырып, әңгімелесушінің психологиялық көңiл күй ауысуын хабардың өн бойында ерiксiз уысында ұстайтын тапқырлығына да тәнтi боласың. Дегенмен, күн сайын эфирден өтiп жатқан саналуан бағдарламалардың көрермендерiн толғақты ойларға жетелейтiн биiк интеллектуалды, әсем өрнектелген жайттары неге аз? Кемшіліктер сыры неден? Осы бiр елеулі әрi бүгiн де маңызды сұрақтың зерделi Советтi сол кезеңнiң өзінде-ақ бей-жай қалдырмағанына оның соңына қалдырған құнды кiтаптарын ақтара түскенде көзiмiз жетедi. Хабар үрдісіне бастан-аяқ қатысқан әріптестің, осыдан елу жылдан астам уақыт бұрын қинала тұрып қайғырған, тебірене тұрып теңселген сәттеріндегі өзекті өртейтін ащы зары күні бүгін де алдымыздан шығып отырады. Биік талғамды, озық ойлы топтың тамшылата төккен ащы терлерінің экранда қайтарымы болмағанына жаны күйзеледі, қабырғасы қайысады.
Сәбең теледидар әлеміне әлі қанаты қатаймаған, қауырсыны жетілмеген журфактың студенті болып жүрген кезінен, яғни 1960 жылдан бастап араласты. Бастапқыда Қазақ телевидениесінің корреспонденті, кейін дикторы, редакторы, аға редакторы болды. “Қайырлы кеш, қадірлі достар!” деп басталатын алғашқы лебізден кейін-ақ эфир алаңында көзге көрінбес қызу айқас басталатын. Міне, солай Совет алғашында жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі болды. Күн сайын әрі сан-саладан эфирден өтіп жатқан жаңалықтар әлемінің есігін ашу кім-кімге де үлкен сын. Ел көлеміндегі мемлекеттік деңгейдегі саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік саланың қат-қабат тірлік-тынысын эфирге берудің жауапкершілігі ол кезеңде мол болатын. Техниканың тапшылығы әрі маман кадрлардың жетіспеушілігі, көріністердің аздығы мен сүреңсіздігі адым аттаған сайын алдыңнан шығып отырды. Егер осыған жүргізушінің салдыр-салақтығы мен ұқыпсыздығы әрі таяздығы қосылса, бұл – экран үшін қиянат, көрермен үшін обал. Сондықтан да эфирде “сұлу мүсін” атанған Сәбеңнің келісті әрі көркем келбеті мен тартымды қоңыр үні кейбір олқылықтардың жымын білдірмей жіберетін. Жан жары Шолпан апайдың “Совет эфирден хабар жүргізеді деген күні қыз-келіншектер үйлеріне ертерек қайтуға асығатын. Ондағы ойлары, Советті эфирден көру ғой” деп азаматының ерен қасиетін тебірене әрі сағына еске алады. Сол бір шақтарда сұлу қазақ – сұлу сәттің күн сайын дерлік эфирден қайталанып жатқанының көрерменге бергені де мол болды.
Білімді де білікті Сәбең бес жылдан кейін салалық редакцияның, кейінірек телевидение студиясының бас редакторлығына дейін жоғарылады. Білімі мен білігі қатар тоқайласқан тұлға өзгелерге өзінің тәжірибесі мен тәлімін үйрете жүріп, өзі де олардан жалықпай үйренді. Әсіресе, ол әдебиет пен мәдениет мәселесінде өте алғыр болатын. Телеэкраннан әдеби хабарлар мен көрнекті тұлғалардың шығармашылық портреттерін де өзі көптеп жасады. Республикамызда өткен Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясында Совет Масғұтов телевизиялық баспасөз тобының жетекшісі болды.
Қазiргi таңда да эфирден өтiп жатқан тақырыптардың iшi мен тысын қатар аршу, оның қыры мен сырын зерделеу, оған комментаторлық көзқарас тұрғысынан тұщымды да мағыналы баға беру жағы тым-тым ақсап жатыр. Телехабарлардың көркемдiк деңгейiнiң төмендiгi де, айтылар ойдың саяздығы да, көрсетілер көрiнiстердегi жайттар мен кадрдан тыс мәтіннің алшақтығы да көрермендi мезi етуде. Мiне, жас ғалым күн тәртібінен ешқашан да түспеуге тиiс мәселеге алыстан ой iздейдi, оны табудың, жүзеге асырудың жолдарын көрсетедi. Ойға азық, iзденiске жол бастайтын түрлер тоғысына келiп, ол жайлы өзiнiң келелi ой, кесiмдi пiкiрлерiн айтады.
Совет Масғұтов өмірден ерте озарын білді ме, әлде бір нәрсені сезді ме бір сөзінде былай депті: “… Журналистің зерттеу әдістерін, телевизия үшін хабарлар әзірлейтін, экранда жұмыс істейтін журналистердің жұмыс әдістерін, творчестволық тәсілдерін жинақтап, қорытып, ортақ заңдылықтарын ашып анықтау, терең зерттеу – кезек күттірмейтін, келелі міндеттердің бірі”. Телеөнер саласынан өзімен қатарлас әрі замандас М.Барманқұлов, С.Қозыбаев, Қ.Аманбаев, Р.Сағымбеков сынды әріптестеріне, кейінгі толқын ізбасарларына қарата айтылған аманат ойдың ұлттық телеөнер әлемінде өзінің шын талантты әрі толағай зерттеушілерін көптеп таба алмай жатқаны күні бүгін де ойлантады. Бұл пікірге ұзақ әрі тыңғылықты ізденіс, салиқалы да салмақты толғаныс, тереңнен қаза зерттейтін зерделілік керек. Осы жағы бізде әлі де ақсаулы күйінде. Әсіресе, қазақ телеөнерінің корифейі атанған, мол білімді Марат Барманқұлов арамыздан кеткеннен кейін бұл саланың салмағы жеңілдеп, айтары да азайып қалғандай. Кей шақтарда бірі ана тілінде, бірі өзге тілде қатар қалам тербегенде, күні бүгінге дейін қаншама дүниелерге әділ баға беріліп, қаншама жылымықтарға жол жабылар еді ғой дейсің?
Таллинде телеөнердің қабырғалы қайраткерлерімен бас қосудан кейін Совет КСРО-дағы таңдаулы теледидар жүргізушісі атанып, Орталық теледидарға қызметке шақырылды. Оның есімі “Красная Звезда” газетінде Одаққа танымал халықаралық шолушы Фарид Сейфул Мулюковпен қатар аталды. Сол мезет көпшілікке кең танымал, аузымен құс тістеген әрі әлемдік аренада ысылған, тәжірибелі Фарид Сейфул Мулюковпен экранда иық теңестіру Сәбеңнің қай саладан болса да осал еместігін танытты. Бұған аса терең білімпаздық, асқан адуындылық, терең ойшылдық әрі эфирде жай отындай жарқылдаған талант керек. “Тұлпарды тай кезінен танитын” кәнігі әрі қырағы мәскеуліктердің Совет Масғұтовқа осыншалық сенім көрсетуі де жайдан-жай емес-ау?! Демек, бұл хас таланттың жоғары кәсібилігі мен шын шеберлігіне көрсетілген зор құрмет болатын. Орталық теледидардағы “Уақыт” ақпараттық бағдарламасынан Сәбең түйдек-түйдегімен салиқалы репортаждар, ойлы сұхбаттар жүргізіп, бүкіл ел көлеміне танымал бола бастады. Қазақ перзентінің Одақ төрінен айтқан әрбір сөзі мен сөйлемінің орамында телегей тереңдік пен хас таланттың жүрек табының ізі айқын байқалып жатты. Білім мен білік қатар қойындасып, ой мен идея етене қабысып, көрініс пен сөз қатарласа қолтықтасып, осылар көріністен сұлулықты, сөзден ғибрат аларлық дәмділікті туындатты. 1967 жылы Сәбең Мәскеуден берілетін “Отанымыздың бір сағаты” атты бағдарламада “Интервидение” арқылы туған республикамыздың тыныс-тіршілігі жайлы өрнекті сюжеттерімен көзге түссе, 1969 жылы “Союз” ғарыш кемесінде топталып ұшқан ғарышкерлер құрметіне арналған “Жұлдыздар эстафетасы жаңалықтарында” республика атынан қатысқан тұңғыш жүргізуші болды. 1967-1972 жылдары Орталық теледидардың “Алтын дән мерекесі” бағдарламасының тұрақты жүргізушісі атанды. Осының бәрі де оның талантының ел көлемінде ғана емес, Одаққа танымалдығына дәлел болғандығын танытатын ерекше қасиеттері болатын.
Құдайберген ТҰРСЫН,
Сүлейман Демирел университетінің профессоры.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай жоғарыда үшінші) Совет Масғұтов.
Алматы қаласы.