Денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Алайда, сол байлықтың құнын бағамдап, қадірін білмейтініміз өкінішті.
Бүгінде кейбір замандастарым адам денсаулығына қауіп төндіретін жаман әдеттерге әуес. Темекі, ішімдік пен зиянды тағам ұлт саулығына кері әсерін тигізуде. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы медициналық пункттің мамандары соңғы он жылда жастардың денсаулығы нашарлағанын айтып дабыл қағуда. Мәселен, асқазан, жүйке жүйесі аурулары кең етек алған.
Жиырма жылдан астам денсаулық сақтау саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген терапевт-дәрігер Салтанат Сақтағанова жастардың өз денсаулығына немқұрайды қарайтындығына қынжылады. Айтуынша, туберкулез, жұқпалы іш ауруларының таралуына байланысты алдын алу жұмыстары жүргізілген кезде тексерістен өтуден бас тартатындар да жиі кездеседі. Олар мұндай әрекеттерімен өздеріне ғана емес, айналасына да қауіп төндіретінін ескермейтін сыңайлы.
Кез келген сырқат ерте анықталса, науқастың айығып кетуі де оңай. Алайда, ауруын асқындырып алатын студенттер жиі кездеседі екен. Үстіміздегі жылдың басынан бері тыныс алу жолдары қабынған сырқаттардың саны басым. Соның ішінде пневмония, фарингит, трахеит, бронхит сынды аурулар бар.
– Өткен жылы мамандардың көмегіне төрт мыңнан астам студент жүгінді. Олардың дені көз дәрігері мен терапевтің қабылдауында болды. Сондай-ақ, ультрадыбыстық зерттеуден өтті. Үстіміздегі жылы 52 студент диспансерлік есепке тұрды, – деген Салтанат Сатыбалдықызы жыл өткен сайын студенттердің арасында асқазан, бүйректің қабынуы, қаназдық аурулары кеңінен таралып жатқанын жеткізді. Ал биылғы жыл басынан бері желшешекпен (ветряная оспа) алты адам ауырған.
Қазір білім ордасында “Серпін” бағдарламасы аясында оңтүстіктен келген студенттер білім алуда. Климаттың ауысуына байланысты олардың ағзасында бірқатар өзгерістер орын алған. Яғни, кейбірі нейроциркуляторлық дистония ауруына шалдыққан. Әсіресе, қаназдық ауруының көрсеткіші жоғары.
Университет әкімшілігі студенттер арасында саламатты өмір салтын насихаттауға ден қойды. Білім алушыларға “Дұрыс тамақтану тәртібі”, “Темекінің зияны”, “Нашақорлық”, “Алкоголизмнің зияны” туралы дәрістер оқылады. Жатақханалардың тазалығы қатаң қадағаланатынын айтып өткен жөн.
Тән саулығы алдымен, жастардың өздеріне, содан кейін, медициналық қызметкерлерге байланысты екенін ұмытпағанымыз тиіс. Сонда ғана, әрбір адам денсаулықтың қадірін түсінетін болады.
Маржан АҒЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
университетінің студенті.