Төскейге төрт түлік өргізу – қазақтың ертеден келе жатқан кәсібі. “Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар” деген нақыл сөз де өз заманында жастарды атакәсіпке тарту үшін айтылғаны анық. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жастар ауылдан үдере көшіп, қалғандарының өзі мал соңынан жүруді ар санайтын болды. Соның кесірінен кейбір елді мекендерде малшы жоқ.
Бұрындары малшылар қауымы ауылдағы ең құрметті адамдар еді ғой. Қызылжар өңірінде үздік жетістіктерімен көзге түсіп, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған шопан Қибадат Оразалин, малшылар Әлсен Айсин мен Қапыс Жуасов, жылқышы Баяш Амринов нағыз еңбектің адамдары еді. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады, себебі, әр ауданның, әр ауылдың өз озаттары болатын. Көптің қолы жете бермейтін жеңіл көліктер де, ең алдымен, соларға беріліп, ерекше сый-құрмет көрсетілетін. Ал бүгінде бұл сала мамандарының қадірі қашып тұр. Жастардың мал бағуға мүлдем зауқы жоқ.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі жұмыссыздардың саны 442,6 мыңға жеткен. Бұл – еңбекке жарамды тұрғындардың 4,8 пайызы. Ал Қызылжар өңірінде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер 14,5 мыңды құрайды. Олардың басым бөлігі – жастар. Бұрын мектеп түлектері мұғалім, мал технигі, мал дәрігері болуды қаласа, соңғы жылдары заңгер, кеденші, экономист болуды жөн көреді. Содан болар, жоғары оқу орындарын бітірген түлектер мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, жұмыссыздар қатары көбеюде. Бірі күнкөріс қамымен базар жағаласа, өзгесі қара жұмысшы, күзетші болып күнін көруге мәжбүр. Неге сол жастар ауылға барып, атакәсіпті нәсіп етпейді деген заңды сұрақ туындайды.
Соңғы кездері шаруа қожалықтары түгіл, жекелеген адамдардың өздеріне қорасындағы малын бақтыруға адам табу қиын. Бір ғана мысал, Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев атындағы ауылда бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Тұрғындар мен жергілікті шаруашылық 100 мың теңге айлық төлейміз десе де, малшы болуға ынта танытқан ешкім жоқ. Мәселе шешімін таппаған соң аудан әкімінің есептік кездесуінде де көтерілген. Амалсыздан өзге өңірлерден және басқа елді мекендерден жалдамалы адам іздестіріп, жұмысқа тартуға мәжбүр болған. Қазір Андрей Штульц және Мерет Оразалин деген жігіттер ауылдың бір бөлігінің қара малы мен қойын бағуда. Ал қалған көшелердегі төрт жүзге жуық ірі қараны тұрғындар кезекпен қарайды.
Мал шаруашылығы ел экономикасын алға сүйрер негізгі саланың бірі екені даусыз. Ет пен сүтке деген сұраныс өте жоғары. Жамбыл ауданындағы “Екпін – 2002” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Екпін Әбиев – ауылда тұрып, төскейін төрт түлікке толтырып отырған табысты кәсіпкерлердің бірі. Ол да соңғы уақытта малшы табу қиындағанын жасырмайды.
– Өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұстап қалар ұрпақ азайды. Жастар ат тізгіндеп, мал баққаннан гөрі, ауыл мен қала арасында жолаушы тасып, такси болғанды жөн көреді. Жастарымыз мал бағу түгіл, оған қарағысы да келмейді. Тіпті, қазір шопан мен малшы боламын дейтін жастар көзден бұл-бұл ұшты. Біз бірер жыл бұрын “Алтын асық” бағдарламасы аясында қой сатып алған болатынбыз. Алайда, соны қарайтын жұмысшы табу жағынан біраз қиындық көрдік, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қойды бағу ғана емес, оның жүнін қырқатын адам табу да қиын екен. Ол әр қырқылған қой үшін 400 теңге төлеуге дайын болған. Тіпті, Благовещенка және көрші маңайдағы басқа ауылдарға хабар берген. Алайда, қойларды қырқатын адам таба алмай, ақыр соңында Тайынша ауданынан екі отбасын шақырыпты. Келлеровка ауылының тұрғындары екі күнде 1200 қойды қырқып, 460 мың теңге табыс тауыпты.
Кәсіпкер сырттан мал бағуға адам шақыру тығырықтан шығар жол емес екенін айтады. Жастардың ауыр еңбектен, соның ішінде мал бағудан қашатындығы оны қатты қынжылтады. Енді қайтпек керек? “Мәселен, Есіл ауданында және басқа аудандарда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын колледждер бар. Онда экономист, есепші, электрик, механик, технолог және тағы басқа мамандар оқытылады. Тым болмағанда, соның жанынан малшы, шопан, жылқышы, қойшы бөлімдері ашылса, кезек күттірмейтін бұл мәселе біртіндеп өз шешімін табар еді”, – деген Екпін Әбиевтің пікірінің жаны бар.
Соңғы уақытта малшылық зейнетке шыққан немесе үй-күйі жоқ, ішімдікке үйір адамдардың кәсібіне айналып бара жатқандай. “Тамақ пен киіміңді әперіп отырамын. Осыған рақмет айт” деп мәжбүрлеп жұмысқа салып қоюдың соңы ұрыс-керіске, мал ұрлығына, төбелеске ұрындырып жүргені де рас. Аталмыш мамандық иелерінің көп жағдайда құқықтары қорғала бермейтінін естен шығармауымыз керек. Жұмыс берушімен көбіне келісімшарт жасалмайды. “Таныс бақташы ғой, жылда бақтыратын адам” деп жүрдім-бардым қараушылық әлі бар. Негізінен, екіжақты келісімшарт жасалып, онда еңбекақы, сыйақы, еңбек демалысы, негізгі қорларға төленер төлемдер бәрі толық көрсетілуі тиіс. Ең қиыны, зейнетақы қорына ақша аудармайтындар көп. Осыдан келіп малшы мен шопан қартайғанда зейнетақысыз қаламыз ба деп қорқады. Кез келген еңбек адамы тәрізді олардың да мүддесін еңбек, кәсіподақ, құқық қорғау органдары қорғауы тиіс. “Малшы жоқ” деп жүргеніміздің де бір себебі осы болар?
Мал бағу мәселесін оңтайлы шешіп отырған ауылдар да баршылық. Бұл орайда Айыртау ауданындағы Қамысақты елді мекенін атап айтуға болады. Бір кездері мұнда да малшы табу қиын болған. Десе де, осыдан 5-6 жыл бұрын ауыл ақсақалдары жергілікті инвестормен өзара келісімге келіп, мәселені шешкен. Округ әкімі Жақсылық Беркімбайдың айтуынша, бұған “Жарқын СҚ” ЖШС-нің басшылығы бастамашы болған.
– Малшы тапшылығы ауданымыздағы қазақ ауылдарында жоқ. Кейбір ауылдар ірі қараны кезекпен баққанды жөн көреді. Мал басының көптігі де біраз қиындық тудырары сөзсіз. Әу баста Қамысақты ауылында да осындай мәселе болды. Тұрғындар малдарын қараусыз жіберетін. Сөйтіп, мал егінге түсуді әдетке айналдырды. Бұл малды қуып шаршаған серіктестік директоры кезекті жиналыста малшыларға төленетін айлықтың тең жартысын өз қалтасынан төлеуге ұсыныс жасады. Енді малын табынға қосқан ауылдықтар бір сиыр үшін бақташыға тек 700 теңге ғана төлейді. Бұл халыққа да, серіктестікке де ыңғайлы. Ал басқа аудандарда инвесторлардың мұндай қадамға барды дегенін естіген жоқпын. Қайта ауыл малының қараусыз жүргені шаруаларға кесірін тигізбей ме? – дейді Жақсылық Әбдірұлы.
Әлемдік үрдіске қарап отырсақ, өркениетті елдер бұл мәселені шешу үшін жаңа технологияның көмегіне жүгінуде. Бірнеше жыл бұрын әлемдегі ең ірі мал экспорттаушы елдердің бірі – Австралияның инженерлері бақташы робот жасап шығарды. Құрылғы төрт доңғалақтың көмегімен қозғалып, адамның басқаруынсыз, өз бетімен жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, топырақ пен шөптің құнарын, тіпті, малдың денсаулығын анықтай алады екен. Солтүстікқазақстандық шаруалар да өндіріске жаңа технология енгізуде құралақан емес. Мәселен, Тайынша, Тимирязев және Жамбыл аудандарындағы кейбір шаруашылықтар малшы немесе жылқышы таппағандықтан, электронды бақташының көмегіне жүгінуде. Осылайша, өрістегі малды “GPS” жүйесі арқылы онлайн бақылауға көшкен. Тың жобаларға біртабан жақын агроқұрылым басшыларының бұл қадамының арқасында мал ұрлығының жолы кесілуде.
Әрине, жаздың ыстығы мен күздің қара суығында күн ұзақ мал бағу оңай жұмыс емес. Сондықтан бұл салаға жастарды тарту үшін көрсетілетін қамқорлық та жақсы болғаны жөн. Малшылар мен шопандарға қолдау көрсетіліп, еңбектеріне қарай жоғары жалақы тағайындау керек. Яғни, малшылардың әлеуметтік жағдайы түзелмей, бұл кәсіпті қайта жандандыру оңай болмасы анық.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.