Өңірімізге Нұр-Сұлтан қаласынан “Жастар” театры гастрольдік сапармен келді. Қазанның 3-6 күндері аралығында Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жергілікті көрермендер бірнеше спектакльді тамашалайтын болады.
Гастрольдік сапар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың режиссерлігімен қойылған Ғабит Мүсіреповтің “Жібек” драмасымен бастау алды. Сондай-ақ, сахнагерлер қызылжарлық көрермендердің назарына “Лифт”, “Асауға тұсау”, “Жанарымдағы жалғыз әуен” атты үздік қойылымдарды ұсынбақ.
– Жастар театры жаңа маусымын ашуға дайындалуда. Он үш жылда он үш гран-при иеленген театрдың жетістігі жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Репертуарымызда отыздан астам қойылым бар. Біз қызылжарлық көрерменмен алғаш қауышып отырмыз. Ал сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің туған жеріне келгенде «Жібек» мюзиклін қалайша қоймасқа? Осылайша, біз өзіміздің ықыласымызды білдіруді жөн көрдік. Жалпы, гастроль аясында түрлі жандардағы спектакльдер ұсынылуда. Қоғамның өзекті мәселелерін қозғайтын шығармалар бір-біріне ұқсамайды, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Жастар” театрының режиссері Бекболат Құрманғожаев.
Сурет https://sxodim.com сайтынан алынды.