Бүгінде шекара маңындағы өңірлерде тұратын жастар санының азаюы өзекті мәселеге айналып отыр. Осы жайтқа алаңдаған ғылыми-зерттеу орталығының мамандары «Шекара маңындағы өңірлердегі жастардың оқу және еңбек көші-қонының ерекшеліктері» тақырыбындағы әлеуметтік зерттеудің қорытындыларын жариялады. Зерттеуге өңірімізден 47 жас қатысқан.
Келтірілген деректерге сенсек, соңғы 5 жыл қатарынан өңірдегі сыртқы миграция сальдосы теріс нәтиже көрсетіп келеді. Дәл осындай ахуал көршілес Қостанай, Павлодар облыстарында да байқалып отыр. Қызылжарлық жастардың 76 пайызы соңғы жылда өз өмірлерінің оң жаққа қарай өзгергенін айтқан. Ал қандай да бір қысымға ұшырағандар өздерінің тіл білмегені, жасы, діни ұстанымдары, саяси көзқарасы, білімінің таяздығы себепті жайсыздық сезінетінін жеткізген.
Өңірдегі қыз-жігіттердің 72 пайызы әлеуметтік желіде, 14 пайызы қоғамдық көлікте, 10 пайызы аулада буллингке ұшырайды екен. Респонденттердің жартысынан астамы буллингпен еш уақытта кездеспеген. Ал қалған адамдардың 19 пайызы вербалды қысымға, 14 пайызы келемежге тап болған.
Жүргізілген сауалнама өңірдегілердің басым бөлігі қазіргі таңда кең етек алған үрдіс ретінде жастардың фрилансқа бет бұруы мен менталды денсаулығына қамқор болуын көрсетті. Сонымен қатар жастардың қарым-қатынас кезінде екінші адамның саяси ұстанымдары, мамандығы, дініне мән бере бермейтіні анықталған. Жастардың 60 пайызға жуығы білім іздеп шетелге кететін замандастарының әрекетіне оң қарайтынын жеткізіпті. Өңірдегі 14 пен 35 жас аралығындағы әр бесінші адам өзінің тұрғылықты жерінен көшіп кеткісі келеді екен. Ал үштен бірі алдағы уақытта тіпті елден кетіп қалу ықтималдығын жоққа шығармайды. Көшу жоспары бар респонденттердің ширек бөлігі Ресейде, бестен бірі АҚШ-та, 16 пайызы Түркияда тұруға ниетті. Қазақстан жастарының сыртқы миграциясы перспективасы бойынша қорытындылар елде эмиграцияға қызығушылықтың жалғасып отырғанын көрсетіп тұр. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жуық арада респонденттердің 8 пайызы елден кетуге дайын.
Жастардың жартысынан көбі замандастары жұмыс пен жалақы іздеу мақсатында тұрғылықты жерін ауыстыруы мүмкін деп санайды. Ал 31 пайызы мансаптық даму перспективаларының болмауы мен өмірдің жайлы жағдайларына ұмтылу ниетін атады. 18 пайызы баспана мен әлеуметтік пакет қоса ұсынылатын жұмысқа шақыру жағдайында жастар тұрғылықты жерін ауыстыра алады деп есептейді.
Жастардың еңбек миграциясы жыл сайын өсіп келеді, бұл үрдіс маңызды әлеуметтік-экономикалық феномен саналады. Жыл сайын мыңдаған жас қазақстандықтар мансаптық мүмкіндіктер мен тиімді жұмыс орындарын іздеп елден басқа мемлекеттерге қоныс аударуда. Өңірдегі жұмыс істейтіндердің 23 пайызы табыс табу үшін басқа қалаға немесе елді мекенге қатынайды екен.
Қазіргі көш-қон үрдістері мемлекеттің даму траекториясына едәуір ықпалын тигізіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда жастардың миграциялық көңіл күйін зерттеу – мемлекеттік стратегияны қалыптастырудың табыстылығы мен тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. Өйткені жастардың әлеуметтік көңіл күйі мен мінез-құлқы көптеген жағдайда ұлттық құрылыс процесінің тиімділігінен хабар береді және ұлт алдында тұрған өзгерістер мен сынақтарды көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстанда жастардың эмиграциясы, сондай ақ иммиграциясы да байқалуда. Бірі шет елдерде жаңа мүмкіндіктер мен тәжірибе алуға ұмтылса, енді бірі ел ішінде қиындықтармен кездескендіктен және шетелдерде даму мүмкіндігін көріп, қалып қоюда.
Жастардың миграциялық ағымы Қазақстан үшін бірнеше елеулі зардаптарға әкелуі мүмкін. Ең алдымен, ел құнды адами капиталын жоғалтады. Жас және талантты адамдардың кетуі жұмыс күшінің азаюына және демографиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде ішкі миграция және жастар урбанизациясының жоғары қарқыны барысында елімізде елеулі өңірлік теңгерімсіздік байқалуда. Мысалы, соңғы бес жылда жастардың сыртқы миграциясының оң сальдосы тек Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында ғана тіркелген.
Жастардың миграция ағынын тежеу үшін Қазақстан тартымды ел болуға тиіс. Бұл тұрғыда мемлекеттік саясат жастар миграциясының қазіргі сын-қатерлерін басқаруда шешуші рөл атқарады. Тек осындай кешенді тәсіл жастар миграциясының тәуекелдерін барынша азайтуға және тұтастай алғанда қоғамның тұрақты дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді.
Сарыхан ДҮЙСЕНБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың магистранты.