Меруерт Егізбаева 1997 жылы 8 шілдеде дүниеге келген. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы. Өлең жазуды бала күнінен бастаған. Аудандық, облыстық Мағжан, Абай, Махамбет оқуларының жүлдегері.
ҰЛЫ ДАЛА
Кең-байтақ, құшағы кең, ұлы далам,
Мен сенің қасиетіңді ұғына алам!
Жабырқаған сәттерде демеу берген,
Мәлім ғой әр төбеңнің сыры маған.
Сыр ашсам өр тарихтың кездерінен,
Бабалардың баталы сөздерінен.
Әр тасыңда сақталып ерлігің тұр,
Үлгі қыла алмаймын өзгені мен.
Өр намыстың жолында өрлегенсің,
Өрлегенсің, дамылдап көрмегенсің.
Бабалардың азаттық аманаты,
Бүгінде еркіндікте тербелесің.
Бекімей тұрғанымен бұғанамның,
Өнеге, өрлігіңді ұға аламын.
Сен, далам, көз жасыңды көлдетпейсің,
Нұр жолы аман болса Нұр ағаның!
ӘКЕ
Әке, сен, қандай жомарт, батыл едің,
«Білгірлік ой түбінде жатыр», – дедің.
Тығылып мөлдір тамшы төккенде мен,
«Анаңнан көз жасыңды жасыр», – дедің.
Қиындықты жеңуге жетер күшің,
Сабырменен тек алға басар ісің.
Жүрегімнің нұры боп құйылатын,
Бақыттың асқағысың сен мен үшін.
Сөзіңді көкейіме түйіп өтем,
О, әке, атың әр кез биік екен!
Сен мені парасатқа үйреттің ғой,
Әрқашан сеніміңді биік етем.