«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫҢ ТАҢДАУЫ – ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ

Соңғы жылдары елімізде кадр әлеуетінің сапалық құрамын арттыру күн тәртібіне қойылып, бұл бағытқа барынша көңіл бөліне бастады. Қай сала болмасын білімді де тәжірибелі жұмысшы мамандарға мұқтаж екені белгілі. Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейте отырып, білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға қолдану, инновациялық саясатты ғылыми-технологиялық басымдықтармен ұштастыру тәжірибесін ұсынды.

Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы деп» жариялап, оны іске асырудағы басты қадамдарды белгілеп берді. Үкіметке техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды тапсырды. Бұдан былай кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адамдар лайықты бағасын алатын болады, еш ескерусіз қалмайды. Мұндағы түпкі мақсат еңбегіне қарай өнбегі демекші, мемлекеттік деңгейде бағалануына қолдау жасау, абырой-беделін көтеру болмақ. Тарихы әріден басталатын Айыртау ауданындағы агротехникалық колледж басшылығы болашақта үлкен сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандарды оқытып шығаруды қашанда басты борыш санайды. Өңір бойынша жұмысшы кадрларын даярлаудың бірегей ұстаханасы саналатын аудандағы еңселі оқу орны 1958 жылы бастапқыда механизаторларға арналған училище ретінде бой көтерген болатын. Одан кейін атауы бірнеше рет өзгерсе де, мәртебесі өзгерген жоқ. Керісінше заман ағымына ыңғайланып, жұмысшы мамандарын әзірлейтін ауқымы, құрылымдық сипаты кеңейді. Бүгінгі таңда 9 сынып негізінде күндізгі оқу нысанына ауыл шаруашылығын механикаландыру, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист, слесарь-жөндеуші, «В», «С» санаттағы автомобиль жүргізуші, тамақтануды ұйымдастыру, кондитер-декоратор, аспаз, 11 сынып негізінде аңшылық және аң шаруашылығы (қорықшы) мамандары даярланады. Колледж құрылғаннан бері оның қабырғасынан 20 мыңнан астам түлек қанақ қағып, еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Жыл өткен сайын 4407 метр аумақты алып жатқан колледждің материалдық-техникалық база сы нығайып келеді. Оның құрамында 250 орынға шақталған оқу корпусы, 120 орындық жатақхана, 80 орындық асхана, 11 оқу кабинеті, спорт залы, автодром, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, 363 гектар тәжірибе алаңы бар. Оқу-өндірістік орындар электрдәнекерлеу, аспаз және нан пісіру зертханаларымен жабдықталған.

Колледждің көпжылдық қызметі айғақтағандай, республика мен өңірдің аграрлық секторына жоғары сұранысқа ие мамандар шоғырын қалыптастыру басты борыш болып қала береді. Жастардың тракторшы, комбайншы, аспаз, дәнекерлеуші, слесарь, экскурсия жүргізуші кәсіптерін меңгерсем деген ой-ниеті барлық жағынан қолдау тауып, білікті ұстаздар мен тәрбиешілер тарапынан еңбекқорлық ұстанымын қалыптастыруға да жан-жақты көмек көрсетіледі. Оқу-ағарту министрлігінің бастамашылдығымен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің ұйымдастырылуы, онда 200-ден астам мамандықтың ұсынылуы кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы ең ауқымды шара болды. Бірінші кезекте жұмыс берушілердің талаптарына, жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне, мамандықтардың қоғамдық қажеттілігіне басымдық беріледі. Соңғы үш жылда мемлекеттік білім беру тапсырысы үрдісінде қабылданған талапкерлердің саны 50 пайызға артуы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін айғақтайды. Тағы бір атап өтетіні, мемлекеттік лицензиялық қосымшаға сәйкес, колледж ауыл шаруашылығын механикаландыру, тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеуші, туризм сияқты 4 мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары 2 жыл 10 ай, тігін өндірісі және киімді модельдеудің оқу мерзімі 10 ай болып белгіленген. Студенттердің жалпы саны – 373. Болашақ мамандарды оқыту барысында әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі жұмыс істейді. Оған стипендия төлеу, бір мезгіл тегін ыстық ас беру, жол жүру өтемақысын төлеу, жатақханамен қамтамасыз ету кіреді.

Бүгінгі таңда оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші 92 пайызды құрайды. Бас еркінен айрылып, жергілікті еңбекпен түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандар ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеуші, тігін өндірісі және киімді модельдеу мамандықтары бойынша мамандық алып шығады.

Жуырда колледж қабырғасында өткен «Жұмысшы мамандықтары жылына» арналған «ашық есік» күніне түлектеріміз бен олардың ата-аналары, педагогтар мен оқыту шеберлері, жергілікті билік, үкіметтік емес ұйым өкілдері, әлеуметтік серіктестер шақырылып, білікті мамандар даярлаудағы стратегиялық әріптестік жолдары белгіленді, үлкен сұранысқа ие мамандықтар тізбесі толықтырылатын болды. Аудан әкімі Мейрам Меңдібаев, облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев, аудандық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Серікбай Тұралинов бесаспап мамандар қалыптастырудың маңызына тоқталды. Еңбек ардагерлері Есләм Салпықов, Роза Салпықова, Василий Маковецкий, Любовь Осадченко, Владимир Титаренко түрлі марапатқа ие болды. Табыстың тайқазанын тасытып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысып жүрген шаруашылық басшылары Сырымбет Есенғалиев, Александр Гладкий, Людмила Климович, Данияр Бестаев, агротехникалық қамқоршылар кеңесінің төрағасы Игорь Захаров, тағы басқаларынан үлгі алуға шақырды. Сөз арасында Константиновка-2004», «Прекрасное», «Әдемі Астық», «Шангал», «Пересвет»» серіктестіктері әлеуметтік серіктес ретінде тәжірибеден өту, өндірістік орындармен қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелі түрде көмектесіп отыратынын айта кеткен жөн. Алқалы басқосу аясында студенттердің шеберлік сыныптары тамашаланды. Ал дәнекерлеушілер онкүндігінің қорытындылануы мен тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша кәсіби онкүндіктің ашылуы естен кетпес оқиғаға айналды. Мұндай тағылымды іс-шаралар мамандыққа деген қызығушылықты арттырып, бәсекелестік орта тудырары анық.

Берік ЖАНАХМЕТОВ,

Саумалкөл ауылы агротехникалық колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты.

Айыртау ауданы.

Pıkır

Еңбек министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2030 жылға таман кадр жетіспеушілігі 1,8 млн. адамнан асуы мүмкін. Оның ішінде техникалық білімі бар азаматтарға тапшылық еселене түспек. Қазірдің өзінде еңбек нарығында оларға сұраныс жоғары. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін көріп отырмыз. Жолдаудағы бастаманың басты мақсаты – кәсіби білім берудің беделін арттырып, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау. Осыған орай кәсіптік-техникалық бағыттағы мамандарды оқытудың жаңа тәсілдері әзірленіп, мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтуға ерекше ден қойылған. Өңірдегі кәсіптік-техникалық білім берумен айналысатын колледждерде жұмысшы мамандықтары тегін оқытылады. Түлектердің еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие болу жайы да жан-жақты ойластырылған. Атап айтқанда, ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы негізінде жұмысқа орналастыру, мемлекеттік-жекешелік әріптес аясында бизнеспен ынтымақтастық құру, шефтік қамқорлыққа алу, өндірістік тәжірибелерден өту, арнайы гранттар санын көбейту, қолжетімді жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл орайда «Мамандығым – болашағым» жобасының маңызы айрықша. Бұдан бөлек, еліміздегі жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы жасалып, еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылау, қадағалау, болжау, соған сай әрекет ету, шешім қабылдау басты назарға алынады.

Орталық тарапынан жүзеге асырылатын бағдарламалар мен жобалардың түпкі мәні жастарды оқытуға ғана емес, сонымен қатар өз кәсібіне деген шынайы сезімін қалыптастыруға да бағытталған. Әдістемелік, ақпараттық қолдау көрсетудің басқа да озық инновациялық формалары қолданылады. Жұмысшы мамандықтары – ертеңгі күннің берік кепілі десек, қоғамның дамуы мен экономиканың тұрақтылығы нақ соларға байланысты болмақ.

Роза СӘРКЕН,

облыстық әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp