«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ЖОБА

Мамлют ауданының тұрғындары “Бизнес Бастау” жобасының арқасында жеке кәсіптерін ашу мүмкіндігіне ие болды. Облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нина Василенконың айтуынша, ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік дағдыларын үйретуге арналған жоба табысты жүзеге асырылуда.

– “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында қолға алынған “Бизнес Бастау” жобасы бойынша 5 оқу кезеңі өтті. Оқу барысында 125 тұрғын кәсіпкерлік дағдыларын үйренсе, олардың 25-і кәсібін ашу үшін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылды. Бүгінгі таңда қор қызметкерлерінің қарауына бірнеше жоба ұсынылған. Сонымен қатар курстың 17 тыңдаушысы мемлекеттік гранттан үміткер, – дейді Нина Василенко.

Кәсіптің қырсырын меңгергісі келген жастардың бірі – Михайловка ауылының тұрғыны Алексей Патраков. Ауыл мектебін тамамдаған соң сырттай білім алған ол жаз уақытында туған ауылында мал бағады. Кейін “Бизнес Бастау” жобасы жайлы естіп, курсқа жазылған. Оқуын аяқтағаннан кейін, етті бағыттағы сиыр және жылқы өсіруге несие рәсімдейді. Талапты жігіт алдағы уақытта наубайхана ашып, ауылдастарына нан-тоқаш өнімдерін сатуды да жоспарлап отыр.

Кәсібін мал шаруашылығы саласымен байланыстырғысы келген Михайловка ауылының тағы бір тұрғыны Дәурен Омаровтың да жобасы қолдау тапқан.

– “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамынан рәсімдеген 4 миллион теңге қаражатқа 14 сиыр және жемшөп сатып алдым. Жақында бір сауыншыны жұмысқа қабылдап, сүт сауу қондырғысына қол жеткіздім. Мемлекеттен қолдау барда бизнестің кез келген қиыншылықтарын еңсеруге болатынына көзім жетті, – деген кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтіп, техника алу үшін екінші рет несие рәсімдеуді жоспарлауда.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp