«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ ЖЕРДЕ ЖЕРЛЕНГЕН ЖАУЫНГЕР

Кешегі сұм соғыста туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай, басқа елде жер жастанған жауынгерлеріміз қаншама?! Әлдеқашан ұмытыла бастаған жерлеу орындарындағы майдангердердің сүйектерін анықтау осы күні де аяқталған жоқ. Менің нағашы ағам Базар Қасенов те көп боздақпен бірге Ресей жерінде мәңгілікке тыныстап жатыр. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдангердің жатқан жері анықталып, басына тағзым етудің мүмкіндігі туды.

Қазақстандық іздеушілер тобы жердің шалғайлығына қарамай Псков облысының Невель ауданына барып, 225 із-түссіз кеткен жауынгерлердің есімін анықтаған. Жеңіс күніне орай аталған елді мекенде еске алу шарасы өтіп, онда Қазақстаннан барған азаматтар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Шарада соғыс құрбандарын еске алып, рухына тағзым еттік. Айта кетерлігі, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова да осында жерленген. Солтүстікқазақстандық Базар Қасенов батыр қызбен бірге 100-ші атқыштар бригадасында қарулас болып, бір жерде қайтыс болған. Невель ауданында Мәншүк Мәметоваға арнап ескерткіш орнатылған екен. Невельде жерленгендердің ішінде полковник Әбілқайыр Баймульдин де бар. Ол да 100-ші бригада құрамында соғысын, қаланы азат еткеннен кейін оның алғашқы коменданты болған.

Майдангер Базар Қасенов 1909 жылы бұрынғы Преснов ауданындағы Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. 1934 жылы Мәскеудегі күншығыс халықтарына арналған институтты тамамдаған. Соғысқа аттанар алдында Алматы облысының 3 ауданында прокурор болып жұмыс істеген. Ол кезде прокурорларды соғысқа шақырмайтын. Нағашы ағам өз еркімен орталық комитетке барып, өзіне майдан даласына аттануға рұқсат сұраған. 1943 жылы ұрыста қаза болды. Оның артында екі баласы жетім қалды. 1975 жылы шешемнің сұрауымен Бауыржан Момышұлының үйіне бардым. Сонда Бауыржан Момышұлы нағашым туралы лебізін білдіріп, оның жақсы адам, адал жауынгер болғанын айтты. Сапар барысында Санк-Петербургте де болып, Пискарев зиратына бардық. Мұнда жүз мыңдаған блокададағы Ленинград тұрғындары жерленген.

Хамит БИМАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp