«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ ЖЕРДЕГІ ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРІ

Қасым Жақыповтың фашизмге қарсы күресте “Кассе Себеро” деген бүркеншік есіммен атойлағаны енді мәлім болып отыр. Батырдың Солтүстік Қазақстан облысының тумасы екені газетіміздің 2018 жылғы 2 қазандағы санында жазылған болатын.

Құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Қорғаныс министрлігінің, елшіліктің жауапты өкілдері бар делегация Словенияның Повир елді мекенінде болып, неміс басқыншыларына қарсы Югославия партизандарымен бірге шайқасып, өз өмірін қиған қазақстандық сарбаз “Кассе Себероны” еске алу жиынына қатысты. Онда сөйлеген сөзінде Қазақстанның Австрия мен Словениядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбай еске алу шарасын ұйымдастырғаны үшін словениялықтарға алғысын білдірді. “Кассе Себеро” – бейбітшілік үшін бар күшін салып күрескен жауынгер. Осы елді фашизмнен арашалауға қатысқан батырымызды бәрі құрметтейді. Қазақ жауынгерінің бейітіне “жырақта жатсаң да, өшпес ерлігің еліңнің жадында” деген сөздер жазылған мемориалдық тақта орнатылып, Қазақстанның ұлттық пантеонынан әкелінген бір уыс топырақ салынды.

Іле-шала Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың “Facebook” парақшасындағы “Кассе Себеро” Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Аты-жөні – Қасым Жақыпов” деген жарияланымы жұртшылықты елең еткізді. Біз де бәлкім марқұмның туған-туыстары табылып қалар деген үмітпен іздестіре келе немерелері Динара мен Қасымның Петропавл қаласында тұратынын анықтадық. Динараның айтуына қарағанда, атасы 1941 жылы соғысқа аттанғанда әкесі бір жаста екен. Хабарсыз кеткені жайлы “қара қағаз” келсе де, үмітін үзбеген күйі жол жаққа қарайлаумен өтіпті. Тым болмаса есімі аталып жүрсін деді ме екен, жеті баласының кенжесінің атын ырымдап Қасым қойыпты. Динараның “Орал жақта қызмет атқаратын жиен ағамыз атамыз жайлы көп біледі” деген сөзінен кейін Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Болатбек Белгібековпен хабарластық.

– Бастапқыда зерттеушілер ол жерде Қасым Сабыров деген қазақ жауынгері жерленген болуы керек деген жорамалға көбірек сүйеніп жүрді, – деп бастады әңгімесін Болатбек бауырымыз. – Шынында да ұлттық тегіміз, аты-жөніміз өзге тілде “Кассе Себеро” атауына өзгеріп немесе бұрмаланып кетуі мүмкін ғой. Сондықтан осы пікірді ұстанушыларды сөгуге болмас. Алайда, Қасым Сабыров кім деген сауалдың жауапсыз қалуына қарағанда, нақты ақиқаттан гөрі болжам-долбарларға көбірек ерік берілген сияқты. Бірақ, қалай десек те, қазақ жауынгерінің зираты екені ешқандай талас тудырмайды. Оны құлпытастағы “KASSE SEBERO, KASASTANSKA OBLAST, ZSSR” деген жазулар айғақтап тұр. Оны енді ғана біліп жатырмыз ғой.

– Сіз қай жылдардан бастап іздестіре бастадыңыз?

– Үш жылға жуықтап қалды. Менің атам Бекмағамбет жастайынан жетім қалып, нағашы жұрты Жақыповтар отбасында тәрбиеленеді. Қасым екеуі соғысқа бірге аттанып, көпке дейін жұптары жазылмай жүреді. Ауыр жарақат алып, бір аяғынан айырылған атам елге оралғанда Қасымның жау тылына жіберілетін арнайы отряд құрамында екенін, 1943 жылдың бас кезінде Югославия аумағына аттанатынын айтады. Нағашы әжеміз 110 жасында дүниеден өтті. Ақтық демі таусылар алдында жарықтық маған сандықтың түбінде атамыздың сары майдай сақталған хаттары мен ғұмырнамалық жазбаларын табыстады. Оқиын десем, төте жазуды түсінбеймін. Содан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі таныс тіл мамандарының көмегімен кириллицаға көшіртіп алдым. Жамбыл ауданындағы Баян ауылында 1906 жылы туғаны, соғысқа 1941 жылы 24 шілдеде алынғаны белгілі болды. Майдан даласынан жолданған хаттар 1943 жылдың ақпан айына дейін келіп тұрған. Соңғы хатында Баян ауылының жігіттерімен ойда-жоқта ұшырасқанын, араларында Нұрғожа, Бекмағамбет барын жазады. Хабардың пышақ кескендей тыйылғанына қарағанда диверсиялық жұмыстар ұйымдастырушылардың қатарында Югославия жеріндегі жау тылына түсірілсе керек.

– Тағы қандай айғақтар кезіктірдіңіз?

– Хаттарының біріне әлдебір сандарды теріп жазып, өте мұқият сақтауды тапсырыпты. Мұнысы шейіт болып кетсем, осы арқылы табасыңдар дегенді меңзеген болу керек. Өзі де тірі оралмайтынын сезген тәрізді. Өйткені, диверсиялық топ әркез өлім аузында жүрген. Әрбір қадамы, кез келген іс-әрекеті қауіп-қатерлерге толы болған. Өмірлік тәжірибесі мол, бірнеше тіл білетін, тепсе темір үзетін 37 жастағы азамат айрықша мақсаттағы кәнігі барлаушылар даярлайтын мекемеде не қысқа мерзімді курсында оқуы әбден қисынды. Оны бітіргендердің шын аты-жөндері жасырылып, бүркеншік есімдер берілген. Меніңше “Кассе Себеро” Қасым Жақыповтың лақап есімі десек, шындыққа жанасады. Кез келген құжатқа “өте құпия” деген белгі қойылып отырған. Ресейдің тиісті орындарына қанша сұрау салсам да, жауап болмауының бір сыры осында жатса керек. Өйткені, әлі күнге дейін мәліметтерге қол жеткізу қиын, – деді ол.

Словен зерттеушілерінің еңбектері бойынша құрамында “Кассе Себеро” бар партизан отряды Деваче елді мекенінде орналасқан Италия маршалының штаб-пәтеріне шабуыл жасап, кескілескен шайқаста жерлесіміз ауыр жараланады. 18 жастағы Каролина есімді қыз оған күтім жасайды. Бірақ жарақаты асқынып, бірнеше күннен кейін көз жұмады. Діни қызметкер Йозеф Милич жасырын қоштасу рәсімін өткізіп, жерлейді. Қайтыс болғандарды тіркеу кітабына “Кассе Себеро” Қазақстанның Октябрь (қазір Шал ақын) ауданының “Бағанаты” колхозынан шыққан” деп жазылады. “Жергілікті тұрғындардың ешқайсысы да жаралы партизан жайлы фашистерге тіс жармаған. Білсе, өлім жазасына кесер еді. Сол кезден бастап батыр ретінде ардақтап, бүгінге дейін қабіріне гүл қою, тағзым ету дәстүрі үзілмей келеді. Отанына қайтуына болатын еді. Алайда, ол осында қалып, бізді қорғап, азаттығымыз үшін күресуге бел буған. “Кассе Себеро” – біздің қаһарманымыз”,– дейді тарихшы Любица Елушич.

“Кассе Себеро” деген бүркеншік есіммен жау ордасын талқандауда өшпес ерліктер көрсеткен Қасым Жақыповты жерлестері қалай ұлықтаса да еш артықтық етпейді.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp