«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРА АЛМАДЫ

25 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Мұқашевтің төрағалығымен өткен Тәртіптік кеңестің отырысында 8 іс қаралды.

Мемлекеттік қызметшілердің жіберген тәртіп бұзушылықтары мемлекеттік сатып алу саласында нормативтік-құқықтық актілерді, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды, сол сияқты мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі ережесін сақтамауына байланысты болды.  

Мысалы, Уәлиханов ауданының әкімі мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі ережесін бұзған. Қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша әкімнің көпшілік мақұлдаған адамгершілік-әдеп нормаларын сақтамай, ауданның мемлекеттік мекемелері қызметкерлеріне дөрекі мінез көрсеткені анықталды.

Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы айып төлемін өндіріп алу және мемлекеттік сатып алу шарты бойынша міндетті мерзімінде орындамаған жабдықтаушыларды жосықсыз деп тану жөніндегі заңнамада қаралған шараларды қолданбаған.

Есіл ауданында бөлім басшысы қарастырылған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қолданбастан, заңсыз шешім қабылдаған, сол сияқты жылдық жоспарда қарастырылмаған сатып алуды жүзеге асырған.

Облыстық қуыршақ театрының директоры мен орынбасары да мемлекеттік сатып алу саласында заң бұзушылыққа жол берген. Конкурстық комиссияның мүшелері бола тұрып, кәсіби біліктілігі конкурс талабына сай келмейтін қатысушыны оның жеңімпазы деп шешім қабылдаған, сондай-ақ, негізсіз жеңілдік жасаған.

Аққайың ауданының ветеринарлық станциясының директоры мен бас есепшісінің тәртіптік істері де қаралды. Ветеринарлық станция заңсыз қызмет көрсеткен, оған мемлекет техникасы пайдаланылған, алынған ақшалай қаражат жеке мақсатқа жұмсалған.

Петропавл қаласындағы полицияның учаскелік инспекторына қатысты да жемқорлық құқық бұзушылық жасағандығы туралы іс қаралды. Ол қызметін асыра пайдаланып, бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылған азық-түлік дүкенінің иесінен ақшалай қаражат бопсалаған.

Тәртіптік кеңес отырысының қорытындысы бойынша 6 мемлекеттік қызметші мен оған теңгерілген тұлғаны жұмыстан босату туралы ұсыныс жасалды, қызметіне сәйкес еместігі туралы 1 ескерту және қызмет әдебін бұзғаны үшін бір қызметшіге қатаң сөгіс берілді.

Тәртіптік кеңестің хатшылығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp