«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПСЫЗДЫҚ ЖҰМЫСҚА КЕДЕРГІ

Инвестициялық жобалар мен бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың оң нәтижесіне қол жеткізілмеуіне кей жағдайда оларды орындауды міндетіне алған мемлекеттік кәсіпорындардың, мердігер компаниялардың салғырттыққа жол беріп, атүсті қарайтындықтары себеп болуда.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаменті тұрғын үйлер және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысының инвестициялық жобаларын жүзеге асыру кезіндегі бюджеттік қаражаттың жұмсалуына аудиторлық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде бірқатар кемшіліктерді анықтады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы “Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында Айыртау ауданындағы “Сырымбет” АҚ-ның ішкі жол тораптары мен инженерлік желілері бар кірме теміржолының құрылысын жүргізуші мердігер “Akcent” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты бекітілген күнтізбелік жоспардан кешіктіргенін, сондай-ақ, нысан басында 8 705,4 мың теңгенің тауарлық-материалдық заттарының жетіспейтінін анықтады. Сонымен бірге 2017 жылы 225 343,5 мың теңге мемлекет қаражатын игермей, Бюджет кодексінің талаптарын бұзған. Аудиттің қорытындысы бойынша мердігер компаниямен келісімшарт бұзылып, жетіспеген қаражаттың орны толтырылды.

Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі “ҚазЭдемСтрой групп” ЖШС-мен сәуір айында облыс орталығының кәріз желісін тазарту имараттарының технологиялық жүйелерін ауыстыру жұмыстарын аяқтау туралы келісімшарт жасасқан. Бірақ жұмыс шілде айына дейін орындалмай, нәтижесінде республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуіне әкеліп соқты. Мұндай кемшіліктер Айыртау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде де анықталған. Бұдан басқа бөлім Көкшетау топтық су құбырынан Айыртау ауылына су өткелін тарту кезінде 113 400 мың теңге көлеміндегі бюджеттік қаражатты дұрыс жоспарламаған.

Мемлекеттік ішкі аудит департаменті Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің былтыр желтоқсан айында 9505 мың теңге қаражатты шағын сәулеттік формалар дайындауға жұмсауының заңдылығын анықтау үшін аудиторлық тексеріс жүргізген болатын. “Еңбек” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Еңбек-Астана” филиалының сатып алу шартына сәйкес жеткізуші жаңадан шағын сәулеттік формаларды жасап беруі тиіс болғанмен, тексеріс барысында оның тек ескі заттарды жөндеумен айналысқаны анықталды. Өз міндетін тиісінше орындамағаны үшін мердігерге 1125 мың теңге айыппұл салынбаған. Бұл заң бұзушылықтарға жол бергені үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулет Тәшкеновке Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабының 11-бөліміне сәйкес 31,1 мың теңге айыппұл салынды. Ол толық көлемде өтелді. Ал аудит нысаны “Еңбек-Астана” филиалынан 10630 мың теңге соманы қайтарып алу үшін сотқа өтініш жолдады. Аудит материалдары қажетті шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жөнелтілді.

Талғат КЕНЖЕБАЕВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаментінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp