«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПТЫ МІНДЕТ ЖҮКТЕЙДІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­ “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында төл тарихымызды төрге оздыру жөнінде зор міндет жүктеп отыр.

Бағдарламалық мақалада біздің бабала­рымыздың атқа міну мәдениетін жер жүзіне таратып, жылқыны ең алғаш қолға үйретіп, оны әскери көлік ретінде пайдаланғаны айтылады. Сонымен қатар “Алтын адамның” алтын­мен апталған киімі мен сауыт-сайманын өрнектеген бабалары­мыз­дың өнерге қаншалықты жақын, қандай шебер болғаны, қала салып, сәулет өнерін дамытқаны нақ та шынайы баяндалады. Әрине, мұның бәрін тарихтан білеміз десек те, Мемлекет басшысы­ның еңбегінен кездестіруіміз жадымыз­дағы бұрынғы деректерді нақтылай түскені даусыз. Елбасы осы мақаласында тарихи сананы жаңғыртуды өзек етіп алып, бірнеше рухани жобаларды ұсынып отыр.

Нұрсұлтан Әбішұлы “Архив – 2025” атты жетіжылдық бағдар­лама ­жасап, өз еліміздегі және шетелдердегі ірі архив­термен ұзақмерзімді байланыс орнатуды тапсырды. Бұл тапсырманы орындау барысында Ұлы далаға қатысты тарихи деректерді жинастыру, оларды цифрлы форматқа көшіру назарға алы­нады. Жаһандану заманында тарихи деректерді цифрландыру орынды-ақ. Осы орайда, өскелең ұрпақты отаншыл­дыққа тәрбиелеу үшін мектептерде тарихи-өлке­тану қозғалыстарын өріс­тету қажеттілігі туындайды. Сондықтан жасөспірімдерді облыстағы мұражайларға жиі апаруды қолға алу керек. Елбасының Ұлы даланың әл-Фараби, Яссауи, Күл­тегін, Бейбарыс, әз-Тәуке, Абылай, Кенесары, Абай сияқты ұлы перзент­терін және басқа да тұлғалар арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында “Ұлы даланың ұлы есімдері” атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу бойынша тапсырмасын да қос қолдап қолдаймын. Кейінгі буын осындай тақырыптық саябақтарға қыдырса, тарихына құрметпен қарар еді.

Дала фольклорының антоло­гиясын жасау, тарихи кино және телевизия туындыларын шығару да кезек күттірмес міндет. Ұлы даланың ұлылығын ұрпақ сана­сына сіңіріп, одан әрі әлемге танытуда бұл жоба­­лардың маңызы зор. Елбасының мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру еліміздің әрбір азаматына, әсіресе, педагогтерге жауапты міндеттер жүктейді.

Құдайберген ҚОСПАҚАЕВ, №2 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp