Полиция күні қарсаңында Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық-түзеу жүйесі департаментінде ұйымға жауынгерлік ту тапсыруға арналған салтанатты жиын болып өтті.
Залға жауынгерлік ту әкелінді. Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко департамент ұжымын осынау ведомстволық тартудың тапсырылуымен құттықтады.
Ол өзінің лебізінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құқық қорғау органдарына елдің тыныштығын сақтауда, саламатты қоғам мен мықты мемлекетті қалыптастыруда жауапты міндеттер жүктеп отырғанын айтты.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен түрлі қызметтердің 38 қызметкері Үкімет наградаларымен марапатталды. Солардың бірі – осы жүйеде 12 жылдан бері қызмет атқарып жүрген әділет капитаны, режім және қадағалау бөлімінің жедел өкілі Рустам Илюкинге министрдің грамотасы тапсырылды.
Бүгінде облыс аумағында 6 түзеу мекемесі мен 14 уақытша оқшаулағыш жұмыс істейді.
Жиын соңында департамент қызметкерлеріне облыстық филармонияның әртістері өнер тартуын жасады.