«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҒАЖАЙҒА БАРМАҒАН ЖӨН

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қазір өзен-көлдерге шомылуға тыйым салынған. Соған қарамастан жауапкершілігі төмен кейбір жерлестеріміз бұл талапқа бағынбай отыр. Бұған солтүстікқазақстандық «Жас отандықтар» мен өңірлік партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Петропавл қаласының жағажайларына жасаған рейд барысында көз жеткізді.

 «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Біржан Құдайбергеновтің айтуынша, олар еріктілермен, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерімен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп,  Петропавл қаласының жағажайларын үнемі аралайды. Мұндай іс-шара барысында олар қалалықтарға карантин ережелерін түсіндіреді. Әсіресе, соңғы аптада күн ыстық болғандықтан, олар күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп, оларға талапты түсіндіруден шаршамады. «Қазір барлық жағажайлар жабық, бірақ соған қарамастан ондағы  адамдар қара-құрым. Біз оларға жағажайлар мен қоғамдық орындарға барудан бас тарту керектігін айтудай-ақ айтып жатырмыз», – дейді Біржан Құдайбергенов.
Коронавирус инфекциясына байланысты  шектеу шаралары енгізілген сәттен бастап өңірімізде  жағажайларға барғаны үшін 201 солтүстікқазақстандық әкімшілік жазаға тартылды. Тағы 258 адам  жағажайда ішімдік ішкені үшін жазалы болды.
«Карантин  кезінде  облыс жағажайларында 900 рейд өткіздік. Бұл жұмысқа облыс бойынша 900-ге жуық еріктіні жұмылдырдық. Демалушылармен әңгімеміз негізінен түсіндіру жұмысымен шектеледі. Келушілердің көпшілігі түсіністік танытып, үйлеріне қайтады. Алайда кейде полиция өкілдері азаматтарға айыппұл салуға мәжбүр», – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Игорь Жуков.
Департамент мәліметінше, суға шомылу маусымы басталғалы 8 солтүстікқазақстандық қаза тапты. Олардың арасында  6 адам – суға шомылу кезінде, 1 адам – суға батушыны құтқару кезінде және 1 адам балық аулау барысыеда су құрбанына айналды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp