Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Нұрлан Атығаевтың қатысуымен өткен брифингте өрттің және су тасқынының алдын алу шаралары баяндалды.
Жыл басынан бері облыс аумағында 198 өрт оқиғасы орын алған. Келтірілген материалдық шығын 28 млн. теңгені құрайды. Қызыл тілі сумаңдаған жалыннан 16 адам көз жұмып, 7 адамды күйік шалған. Соңғы апта ішінде ғана 17 өрт фактісі тіркелген. Мұндай келеңсіз жағдайлар көбіне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан туындап жатады. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Червонное ауылында баспана отқа оранып, әйелдің мүрдесі табылған. Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылында жұмыртқа қорабын өндіретін цехтың 1100 шаршы метр аумағы жанып кеткен.
Бүгінгі күнге дейін 400-ден астам дала өрті тіркеліп, қызыл жалын 560 гектардан астам жерді шарпыған. Негізгі себептер – өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, құрғақ шөпті, қалдық сабанды өртеу, темекі тұқылдарын қалдыру.
Өрт оқиғаларын дер кезінде анықтау және жолын кесу мақсатымен облыста 55 жедел топ жұмыс істейді. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, азаматтық қорғау, жергілікті полиция, орман шаруашылығы қызметкерлері енген. Тартылған адамдардың жалпы саны – 232. 200-ден астам рейд жүргізіліп, 71 адам 230 мың теңгенің әкімшілік жазасына кесілді.
Нұржан Бауыржанұлы тексеру-бақылау жұмыстары барлық бағытты қамтитынын, кінәлілер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер қарастырылғанын, қазір карантин режиміне қарамастан тұрғындарға үйден тыс жерлерде және саяжай учаскелерінде болуға мүмкіндік тудырылғанын, бұл орайда, құрғақ шөптерді, қоқыстарды өртеу кезінде аса абай болу қажеттігін еске салды. Әсіресе, үй құрылыстары мен оларға жақын маңдағы қоқыстарды, құрғақ шөптерді, бұтақтарды жағудың ақыры небір өкінішті жайттарға соқтыруы ықтимал.
Орман өрті де жиіліп тұр. 12 орман өрті орын алып, 23 гектар алқап зақымданған. Шығын мөлшері – 1 млн. теңге. 684 мың гектар орман алқабының 533 мың гектары ғана қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген.
Департамент басшысының орынбасары су тасқыны жағдайы тұрақты екенін, ұдайы назарға алынғанын жеткізді.Гидрологиялық бекеттерде, оның ішінде, Сергеев су қоймасы мен Петропавл су торабында су деңгейінің төмендегені байқалады.