Осыдан он алты жыл бұрын Қызылжар ауданының Прибрежное ауылына көшіп келгенде елді мекеннің қала жақ бетіндегі биік бөгетке көзім бірден түскен еді. Есіл жағасында орналасқан ауыл үшін бұл бөгеттің маңызы зор екен. Осы жылдар ішінде көктем келген сайын Есілдің толқындары бөгетке тіреліп, ауылдың айналасын ғана су басып қалатын. Су бөгеттің жартысына жетіп, кейін тартыла бастайды. Аз уақыт ауыл тұрғындары қала мен аудан орталығына құтқарушылардың көліктерімен қатынап жүруші еді. Ауылдың көнекөз қарияларының сонда: “Бұл тасқын емес. Нағыз су келгенде моторлы қайықтар, баржалар керек болады”, – дегенін еститінбіз.
Қызыл су Прибрежное ауылына 1926 жылы келіпті. Одан кейін тасқынның суы 1986 жылы да мол болған екен. Ол кезде бөгет болмағандықтан, су ауылдың ортасына дейін кіріпті. Тұрғындар сумен алысып, көп қиындық көрген екен. 1986 жылдың төтенше жағдайынан кейін жергілікті билік бөгет салуға шешім қабылдайды. Бөгет салынған соң судан төнетін қауіп та сейілгендей болған.
Биылғы су тасқыны ауыл тұрғындарын үлкен әбігерге салды. Судан келетін қауіп зор екендігін басымыздан өткердік. Әсіресе, үйінде ауру адамы, балалары мен кәрі-құртаңы барлар түнде көз ілуден қалдық. Қорықсақ қорыққандай екен, бір түнде ауыл су ортасында қалды. Былтыр елді мекеннің солтүстігіне салынған бөгетті су бірінші келгеннен-ақ шайып кетті. Жаңа бөгет сенімді ақтамады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген рас. Бірлік танытқан тұрғындар ауылға кіріп жатқан суды бөгеуге білек сыбана кірісті. Зейнеткерлер де, жастар да, жасамыстар да бір жеңнен қол шығарды. Таңнан ымыртқа дейін құм салған қаптарды судың жолына қойып, ақыры ауылға оңтүстік-шығыстан кірген судың жолы бөгелді. Ауылдың шығыс жақ бөлігінде де қыруар жұмыс атқарылды. Тұрғындардың, әскерилердің, құтқарушылардың ерен еңбегінің арқасында тасқын судың жолына тосқауыл қойылды. Сөйтіп, үлкен бір қатерден құтылдық.
Бүгінде дәл ортасы суға шайылып кеткен бөгетті көрген кезде бойыңды қорқыныш сезімі билейді. Су кірмеген тесік қалмаған. Бөгеттің көп жерін су үңгіп тастапты. Бір ай бойы жағаға ұрған су не шыдатсын? Ақ балшықтан салынған бөгетке отыз жыл болды. Жел мен судың өтінде тұрған ол да тозған. Биылғыдай су тасқыны қайталанса, ол бөгет шыдас бермесі анық. Сондықтан осы бастан алдағы күндерді ойлағанымыз жөн болар деймін. Апат айтып келмейді. Біз оған әр кезде дайын болуымыз керек. Бұл ауыл тұрғындарының қолынан келетін іс емес. Бөгетті жөндеу мәселесі басшылықтың назарынан кетпей, тұрғындарды қорғайтын жақсы қорғаныс салып берсе деген тілегіміз бар.
Зейнеп ТӘНІБАЕВА,
Прибрежное ауылының тұрғыны.