Бір күні Әбу Осман (р.а.) мен Салман (р.а.) екеуі бір ағаштың түбінде көлеңкелеп отырады. Салман әлдебір құрғақ бұтақты сындырып алды да, жапырақтары түскенше желпи бастады. Әбу Османға қарап: “Менің неге бұлай жасап отырғанымды сұрамайсың ба?” – деді. Ол: “Иә, неге?” – деді.
Салман: “Бір күні Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге осылай бір ағаштың астында саяладық. Ол тап мен сияқты қураған бұтақ алып жапырақтары түскенше желпи бастады. Маған қарап: “Салман, неге бұлай жасап отырғанымды сұрамайсың ба?” – дегенде, мен де: “Айтыңыз, уа, расулаллаһ?” – дедім. “Бір мұсылман жақсылап дәрет алып, бес уақыт намаз оқыса, мына түскен жапырақтар сияқты күнәларынан арылады”, – деді де, артынша: “(Мұхаммед) күндіздің екі жағында, (таң мен екінті намазы) Түннің күндізге таяу кезінде, (ақшам мен құптан) намазын толық орында. Анығында, жақсылықтар жамандықтарды жояды. Бұл ойланғандар үшін насихат”, – деген аятты оқыды.