“Бейбітшілік пен келісімнің Жол картасы” мега жобасы аясында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері Жамбыл ауданында болды. Онда ұйымдастырылған жиында аталмыш жобаның мәні мен маңыздылығы төңірегінде әңгіме өрбіді. Көпэтносты еліміздегі халықтар арасындағы достықты одан әрі нығайтып, дінаралық, этносаралық ауызбіршілікті өскелең ұрпақтың бойына сіңіру тұрғысында келелі ойлар ортаға салынды.
Жоғарыда аталған жоба үстіміздегі жылдың 1 наурызында бастау алған болатын. Ондағы көзделген басты мақсат Елбасы жүктеген міндеттерді орындау болса, соның бірі – Қазақстанда тұратын ұлт пен ұлыстардың арасындағы татулықты сақтап, оны жалғастыру. Бұл тақырыпта арнайы “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, облыстық ассамблеяның мүшелері қатысты.
Отырыс барысында делегаттар өз жоспарларымен бөлісіп, бірлесе іске асырылатын жобаларға тоқталды. Сондай-ақ, этномәдени орталықтарды тіркеуге байланысты кеңестер де берді. “Бейбітшілік пен келісімнің Жол картасы” бағдарламасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналғанын айта кеткен жөн.
– 20 жылдың ішінде аз жұмыс жасалған жоқ. Әлі есімде алғашында аталмыш институттың құрылуына қарсылық танытқандар көп болды. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен ұлттар мен ұлыстардың басын бір шаңырақ астына тоғыстырған ассамблеямыз өмірге келді. Мұның бәрі дұрыс саяси бағыт екендігіне бүгінде ел халқы ғана емес, өзге мемлекеттер де куә болып отыр, – деп атап көрсетті жиын барысында сөз алған республикалық “Күрдтер қауымдастығы” қоғамдық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Рашид Надиров.
Делегаттарға аталмыш ауданға жасаған іссапары барысында мәдени орталықтар көрсетілді. Пресновка ауылында олардың саны – 8. Әр орталықтың мүшелері меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алып, олардың әрқайсысы өздерінің ұлттық тағамдарынан көрме ұйымдастырды.
– Өңір басшысы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Ерік Сұлтанов Ассамблеяның 20 жылдығына мұқият дайындалуға тапсырма берген болатын. Бүгінгі күнгі басты міндетіміз этномәдени орталықтардың санын көбейтіп, оларға жастарды көптеп тарту болып табылады, – дейді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.