«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА КАФЕДРА ТОЛЕРАНТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Облыс әкімі Самат Ескендіров пен Сенат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен әскери шеруді тамашалап, жоғары оқу орнында жаңадан тұсауы кесілген Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысымен танысты.

Университеттің бас ғимаратының алдындағы алаңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскери кафедра сарбаздары, оқытушылар мен студенттер қатысқан мерекелік шараны ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Елбасы еліміздің қорғаныс қабілеттілігін нығайту мәселесіне әрқашан ерекше көңіл бөледі. Бүгінде Отан қорғаушылар қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің немерелері мен шөберелері қызмет етуде. Елімізге бейбітшілік сыйлаған соғыс ардагерлеріне деген ризашылығымыз шексіз. Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек. Ал ел қауіпсіздігінің нығаюы, мемлекетіміздің сенімді дамуы және оның әлемдік аренадағы беделі бүгінгі жастардың қолында, – деді.

Жиналған қауымды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Оңдасын Әшімов және Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Жүнісов елдегі бірлік, бейбітшілік және жалпы мемлекеттің болашағы жастарға байланысты екенін айтты.

Салтанатты шарада сап түзеген әскери кафедраның сарбаздары алшаң басып, адымдап, әскери әндерді әуелетті.  

Содан кейін Самат Ескендіров пен Анатолий Башмаков СҚМУ-де жақында ғана тұсауы кесілген Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында болып, оның материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Жоғары білім ордасының ұжымын жаңа кафедраның ашылуымен құттықтаған Самат Сапарбекұлы кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Людмила Гривеннаяға жаңа қызметінде сәттілік тілеп, кітаптар сыйлады.

Кафедра меңгерушісінің мәлімдеуінше, аталмыш кафедрада мемлекеттік, ұлттық саясатты іске асыру, ұлтаралық келісім жөнінде жүргізілген оң бастамаларды негізге алып, зерттеулер жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, ғылыми жобалар мен гранттарға қатысу да қарастырылмақ.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp