
Петропавлдағы екінші деңгейлі банк филиалдарының бірі Тайынша қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жаңа УАЗ автокөлігін тарту етті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында “Альфа-Банк” АҚ еншілес банкі бірқатар әлеуметтік жобаларды қолға алып отыр. Оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау салаларына айрықша көңіл бөлуде. Мәселен, биылғы жылдың сәуірінде 3-4 курс студенттері үшін мәліметтер базасымен жұмыс жүргізу курсын ашып, оны үздік аяқтаған жастарды өзінің кадрлық резервіне қойған. Ал жуырда жүйке аурулары бойынша бірінші және екінші топтағы 450 шақты мүгедектерге қызмет көрсететін әлеуметтік орталық үшін 9 орындық арнайы көлік сатып алыпты.
– Бізге мұндай көлік аса қажет еді. Өйткені, емделушілерімізге қажетті консультациялардың барлығы облыс орталығында көрсетіледі. Ал Тайынша пен Петропавл ара қашықтығы – 140 шақырым. Өзіміздегі көлік ескі, жиі сынады. Сондықтан банк тарту еткен сыйлыққа дән ризамыз, – дейді әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Людмила Журавлева.