Өңірімізде 24-шілдеден бастап “Жас кәсіпкер” бағдарламасы жүзеге асырылады. Оның аясында белсенді жастарға бизнестің қыр-сырын үйрету көзделіп отыр.
– Өңірімізде 18-бен 29 жас аралығындағы 75 мың тұрғын өмір сүреді. Олардың барлығы бағдарламаға қатыса алады. Сондықтан жерлестеріміздің бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланғаны жөн, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев.
Қазіргі таңда кәсібімді ашамын дегендерден тиісті құжаттар қабылданып жатыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары ниет танытқандарды тестілеуден өткізіп, соның қорытындысы бойынша Петропавл қаласы мен аудандарда оқу топтарын құрады.
Жобаға қатысушылар екі апталық курс барысында тәжірибелік даярлықтан өтіп, бизнес-тренерлердің көмегімен бизнес жоба жазады. Оны сәтті қорғап, сертификат алғандар 200 АЕК мөлшеріндегі грантқа үміткер болады.
Жалпы жыл соңына дейін “Жас кәсіпкер” бағдарламасы бойынша 600 солтүстікқазақстандықты оқыту жоспарланып отыр. Ал әзірге өңірге 150 грант бөлінген.