
Педагогтардың «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» атты дәстүрлі тамыз конференциясы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен онлайн форматта өтті. Бұл жиынға аудандық білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары, еңбек ардагерлері, ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстар мен алда тұрған ауқымды міндеттерге тоқталды.
Қазір біздің өңірде 477 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 8,5 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Санитарлық талаптарды сақтай отыра оқу үрдісі 336 мектепте штаттық режімде өтеді. Бұл мектептердің 70 пайызын құрайды. Сабақ екі ауысыммен ұйымдастырылып, бір сыныпта оқушы саны 15 баладан артық болмауы тиіс. Қашықтықтан білім беруде бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтінішімен мектептерде екі мыңнан астам кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Тамыз кеңесінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов онлайн оқыту уақыт талабы екенін айта келе, бірде бір оқушы назардан тыс қалмағанын тілге тиек етті. Жетістіктерді саралап, білім беру саласында балаларды сауықтыру шараларына, мектептердегі автобус паркіне, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталған Құмар Ақсақалов жаңа оқу жылында ұстаздарға төзім, сабырлық пен сәттілік тіледі.
Алқалы жиында білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздардың есімі ерекше аталды. Бұл туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.