«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА СЕРВИС

Еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында қағазбастылықтан арылтатын “Анықтамасыз қызмет” сервисі іске қосылды. Бұл туралы “Азаматтарға арналған үкіметтің” төрағасы Абылайхан Оспанов мәлімдеді. Енді тұрғындар мемлекеттік органдарға мекенжай анықтамасын, сондай-ақ, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және жылжымайтын мүліктің болуы-болмауы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апаруға міндетті емес.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің тапсырмасымен жүзеге асырылған қанатқақты жобаға сәйкес, смс-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғаларға ақпараттық анықтамалар ұсынуға мүмкіндік береді. “Биылғы бір айда халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 312 мың электронды анықтама берілді. Бұл орайда біз сауалнама жүргізіп, анықтамалардың 45 пайызын азаматтар коммуналдық қызметтер мен білім беру мекемелеріне тапсыру мақсатында алғанын анықтадық”, – деді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов.

Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. “Анықтамасыз қызмет” механизміне сәйкес, мүдделі тұлға “Электронды үкімет” порталында тіркелуден өтуі тиіс. Сосын “Үшінші тұлғалардың анықтама алу сервисі” бөлімін таңдап, мәлімет алғысы келген адамы турасында оның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы тиіс. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электронды-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа смс-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру-бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Ол екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс.

“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында іске қосылған “Paper free” жобасының нәтижесінде қағаз жүзіндегі анықтамалар саны 24 миллионға дейін кеміп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің қатары да азайған.

Ерназар НҰРҒАЛИЕВ,

облыстық халыққа қызмет көрсету департаментінің қоғаммен байланыс менеджері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp