Редакциямызға мұғалімдердің біліктілікті арттыру курстарында болғандығы туралы хаттар көп түседі. Көпшілігінің айтар ойы бір болғандықтан, оларды біріктіріп, бір айдармен беруді жөн көрдік.
Мәселен, “Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша білім мазмұнын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру” тақырыбындағы курсқа қатысқан Жамбыл ауданы Пресновка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ризабек Сафин: “Оқытудың жаңаша тәсілдеріне құрылған модульдерді және тізбектелген сабақтар топтамасы бойынша орта мерзімді жоспар жасауды үйрендім. Сабақтарда шаттық шеңберін құрып, ынтымақтастық ахуал қалыптастыру мақсатында топқа бөлініп жұмыс істеудің тиімді екенін байқадым. Үй жұмысын тексеру кезінде балаға аз сұрақ қойып, көп жауап алуға болатынын, “Сен қалай ойлайсың?”, “Неге олай ойлайсың?” деген сұрақтармен оқушының ойына түрткі болып, оның пікірін білу маңызды екеніне көз жеткіздім. Жаңа тәсілдерді пайдалана отырып, үй жұмысын барлық оқушыдан сұрау және бағалау баланы келесі сабаққа ерекше ықыласпен дайындалып келуге жетелейді. Мен аталмыш курста жаңаша мазмұнда оқытудың өзіме құпия көптеген тұстарын көңіліме тоқыдым”, – депті.
Мағжан Жұмабаев ауданында да орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер үшін курс ұйымдастырылған. Оған Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясынан Жанар Уразалина мен Полудин орта мектебінен Раушан Молдахметова да қатысып, біліктіліктерін арттырған. Олар курс аясында әлемдегі және еліміздегі орта білім берудің жаңартылған құрамы, жаңа педагогикалық тәсілдер, оқытудың белсенді формалары қарастырылғанын айтады. “Сабақта тиімді әдіс-тәсілдерді, жаңа жұмыс түрлерін қолдана білу мұғалімнің біліктілігі мен әдістемелік шеберлігіне байланысты”, – деген ұстаздар 2016-2017 оқу жылынан жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге дайын екендіктерін жеткізген.
Ақжар ауданынан хат жолдаған Дәуіт орта мектебінің ағылшын тілінің мұғалімі Арайгүл Абдугапарова сабақтарды тілдің үш тұғырлылығы саясаты негізінде дамыту арқылы оқыту жолдарымен танысқанын айтады. Педагогтер шағын топтарда сабақтарды жоспарлай отырып, тиімді әдіс-тәсілдерді қолданудың ұтымды жолдарын қарастырған. Сабақ соңында өзіндік талдау жасап, жетістіктерін саралауға дағдыланып, біліктіліктерін шыңдаған. “Тілдік дағдыларды дамыту үшін ұйымдастырылған шағын топтардағы сабақтар арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыру жолдарын жан-жақты талдап, интернет ресурстары мен флэшкарталарды пайдаланудың заманауи жолдарын үйрендік, – дейді ұстаз.
Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Ақжар аудандарынан келген хаттар бойынша әзірленді.