«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЦЕХ, БІРЕГЕЙ ӨНІМ

Бай өндірістік тарихы бар “Петропавл полимерлік материалдар зауыты” ЖШС – облысымыздағы дымқыл майлықтар өндіретін жалғыз кәсіпорын.

Өңірімізде жоғары сұранысқа ие жаңа өнім шығаратын цех өткен жылдың күзінде өз жұмысын бастаған болатын. Алдымен серіктестік басшылығы құны 100 мың АҚШ доллары тұратын заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, орнатқан. Кейін зауытта хош иісті, ылғалдандырылған майлықтарды шығару ісі қолға алынды. Мамандардың айтуынша, бір айдың ішінде әлемдік стандарттарға сай жасалған дымқыл майлықтың 100 мың данасы тұтынушыларға жол тартады.

– Өндіріс барысында “Спанлейс” материалы қолданылады. Майлықты дымқыл қылып жасау үшін бізде арнайы суды тазалау үрдісі молекулярлы деңгейде жүргізіледі. Негізгі шикізатты Мәскеу қаласынан алдырамыз. Жасалған өнім де, қызметкерлердің жұмыс аймағы да мұнтаздай таза. Өнімді жасау барысында қызметкерлеріміз арнайы киім мен медициналық қолғап киеді, – дейді зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей Зенченко.

Бүгіндері мұндағы заманауи техниканы меңгерген білікті мамандар гигиеналық заттың 20-дан астам түрін шығарады. Өнімнің ересектерге де, тіпті, сәбилерге де арналған түрлері бар.

Бұған дейін тамақ пен сүт өнімдерін қаптайтын үш қабатты пленкалар шығарумен айналысқан зауыт сегіз жылдың ішінде облысымыздағы сүт кәсіпорындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Енді бір рет пайдаланылатын дымқыл майлық шығаруды қолға алған компания облысымыздағы сұранысты толығымен қамтығаннан кейін өзге өңірлердің нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Өткен жылдың өзінде серіктестік 40 млн. теңгенің тауарын өндірген. Ал биыл олар бұл көрсеткішті 45 млн. теңгеге жеткізуді көздеп отыр.

Әйгерім ЕРЖАНОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp