«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ — ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС

Өткен жылдың соңында қала­лық әкімдіктің жанынан “іKomek” жедел әрекет ету орталығы ашыл­ған болатын. Содан бері об­лыс орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы түйінді мәселелер­дің жедел шешілуін қамтамасыз етуі тиіс диспетчерлік қызметтің жұмысы үнемі жетілдірілуде. Об­лыс тілшілерімен кездескен Пет­ропавл қаласының әкімі Болат Жұ­мабеков жедел әрекет ету ор­талығының қазіргі жұмысымен та­ныстырып, өткен айларда оң тә­жі­рибе жинақталғанын айтты. Ал­дағы уақытта бұл жүйе толыққан­ды жұмыс істеуге көшкенде тұр­ғындардың әр өтініші жедел ше­шіледі деген үміт зор.

– Қазіргі таңда диспетчерлік қызмет азаматтардың абаттан­ды­ру, инфрақұрылымға қатысты өтініштерін жинақтауда. Бір жыл­дан кейін әр қызылжарлық өзінің жол жөндеуге, желілерге, апат­тар­ға, үй құрылысына қатысты өтінішінің қай кезде орындалаты­нын біліп отырады, – деді қала әкімі Болат Жұмабеков.

Бұл жүйе адами факторды азай­ту мақсатын көздеп отыр. Се­бебі, Петропавл қалалық әкімдігі­нің осы салаға жауапты бөлімде­рінде кадр тұрақсыздығы бұрын­нан белгілі жайт. Әр ауысқан ма­манмен бірге тұрғындардан келіп түскен арыз-шағым да ұшты-күйлі жоқ болады. Ал жедел әре­кет ету орталығы әр өтініштің ұмыт қал­мауын қадағалайды. Осылай­ша, тірнектеп жиналған ақпарат­қа тоқсан сайын сараптама жүр­гізіліп, жүйелі түрде туындап оты­ратын мәселелер анықталу­да. Мәселен, бір көшеде апат жиі орын алса, бұл ақпарат монопо­листерге жіберіліп, келер жы­лы жүргізілер жөндеу жұмыстары кезінде ол ескерілетін болады. Со­нымен қатар соңғы үш жылда көктемде қай ауланы су басқаны жайлы ақпарат та жинақталып, қыста сол жерлерді қардан таза­лау жүйелі түрде жүргізіліпті.

– Облыс орталығында жиі туын­дайтын мәселе – мердігер­лер мен коммуналдық қызмет­тер­дің жөндеу жұмыстарынан кейін аумақты абаттандырмай, ашық-шашық қалдыруы. Жедел әрекет ету орталығы арқылы осы мәселені шешпекпіз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы са­ла­сында мамандар жиі ауысқан­дықтан, кімге ордер бергендері де естерінде жоқ. Ал қазір беріл­ген ордерлер жайлы ақпарат ба­заға енгізіліп, оны орындау мерзі­мі де анықталады, – деген Болат Жұмабеков егер ордер белгілен­ген уақытта кемшілік жойылмаса, жүйе автоматты түрде мердігерге және компанияны жауапкер­шілік­ке тарту жөнінде полиция депар­та­ментіне хабарлама жібереді.

Сондай-ақ, алдағы уақытта “WhatsApp” қосымшасында чат құрып, қалалықтардың өтініш-ша­ғымдарын қабылдау жоспар­ланып отыр. Себебі, қырағы тұр­ғындардың көмегінсіз қаладағы жағдайды тұрақты бақылау қиын. Болашақта автоматтандырылған жүйе арқылы қоғамдық көліктер­дің бағытқа шығуын, кейбір көше­лердегі бағдаршамның жұмы­сын, жер телімдерінің пайда­ла­нылуын қадағалау көзделіп отыр.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp