«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖЕЗКИІК” ӘНІНДЕГІ қызыл ішік киген қыз жайлы

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары “Жезкиік” жас-кәрінің сүйіп айтатын әні болатын. Ол кезде біз Дәуқара ауылындағы сегізжылдық мектепті бітіріп, Сырымбет орта мектебінде оқимыз. Сенбі-жексенбі күндері кеңшардың автобусы осында оқитын көршілес Егіндіағаш, Қарақамыс, Шолақөзек, Дәуқара елді мекендерінің балаларын ауыл-ауылға таратады. Біздің кезімізде қазіргі жастардікіндей құлаққа тығып тыңдайтын музыкалық құрал жоқ, жол қысқарту үшін өзіміз ауылымызға жеткенше автобуста ән айтамыз. Сондағы репертуарымыздан осы “Жезкиік” әні де түспейтін. Сол кезде үлкендерден бұл ән біздің бастауыш сыныптардағы мұғаліміміз Жамал Ақбұзауоваға арналған дегенді еститінбіз. Бірақ осы сөздің қаншалықты шындыққа жанасатындығына мән бермейтін едік. 

Қателеспесем, 1998-1999 жылдар болуы керек. Көкшетауда өзіміздің мақтан тұтар жерлес ақын Кәкімбек Салықовпен кездесу өтті. Мен ол кезде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде сырттай оқитынмын. Университеттің мәжіліс залына күндізгі және сырттай оқитын қазақ бөлімінің жастары мен білім ошағының оқытушы-лары тегіс жиналдық.
Аты алты алашқа әйгілі ақын ағамызбен кездесу біз үшін зор қуаныш еді. Кәкімбек Салықовтың атына Сырымбет орта мектебінде оқып жүрген шақтан-ақ қанық болатынбыз, өйткені ол кісі жайлы мұғалімдер мақтанышпен айтатын. Одан бергіде оның “Жезкиік”, “Жылжиды аққу”, “Аққу жеткен”, “Сағыныш”, “Туған жер” сияқты әндерін сүйіп орындайтынбыз. Осындай жанды тебірентер әсем әндер жазған ақынмен бетпе-бет кездесу кешіне қуана-қуана бардық.
Кездесу барысында Кәкімбек ағамыз өзінің өмір жолы туралы баяндап, өлеңдерін оқыды. Әр өлеңінің шығу тарихына да қысқаша тоқталды. Бірақ “Жезкиік” әнін домбырамен орындап бергенімен, оның тарихы туралы тіс жарған жоқ. Екі сағаттай уақытқа созылған кездесу барысында сұрақтары барлары қағазға жазып беріп жатыр. Мен де өзімді толғандырған сұраққа жауап алғым келіп, бір тілім қағазға: “Аға, “Жезкиік” әнінің кейіпкері кім? Сол туралы айтыңызшы”, – деген сауалымды жазып жібердім. Алайда, бұл сұраққа ол кісі: “Әркімнің жүрек түкпірінде құпия сақтаған “Жезкиігі” болады ғой” деп қана жауап қайырды.

АҚЫН ҒАШЫҚ
БОЛҒАН АРУ
Таяуда “Жезкиік” әніндегі “қызыл ішік киген қыздың” расында да мұғаліміміз Жамал Ақбұзауова екеніне көзім жеткендей болды. Мұғаліміміз төсек тартып қалды дегенді естіген соң халін біліп шығайын деп сол үйге бардым. Ауырып ұйқысы бұзылған жан менің алдымда ғана тәтті ұйықтап кеткен екен, оятуға қимадық.
Ауыз үйде мұғалімнің кенже ұлы Амантай, келіні Алмагүлмен өткен-кеткенді айтып, біраз отырдым. Алмагүл енесінің артық ауыз сөзі жоқ, тұйық екендігін, аса сыр ашып ештеңе айта қоймайтынын, суыртпақтап, сұрағанның өзінде сараң ғана жауап беретінін айтты. Келін мен ене арасындағы қысқа ғана әңгімелерден Алмагүл өз түйгенін жеткізді. Оның айтуынша, шешесі Кәкімбек ағаны қазіргі Сырымбет ауылында оқып жүрген кезден біліпті. Бойжетіп келе жатқан сұңғыла қыз сол кезде ақындығымен көзге түсіп, талай қыздың жүрегін жаулап жүрген жігіттің өзін ұнататынын сезген. Алайда, ақын ағамыз өзінің сезімін ашық білдіре қоймаған. Оған, мүмкін, әкеміз кедергі болған шығар? Өйткені, сол кезде әкеміз Құнанбай Сердалин шешемізді қызғыштай қорып, жанына ешкімді жолатпай, қамқор болып жүреді екен, деді.
Ал “Жезкиік” әніне қайта оралар болсақ, Алмагүл облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің 2012 жылғы 16 тамыз күнгі нөмірінде жарық көрген Кәкімбек Салықовтың өлеңдерін енесіне оқып бергенін тілге тиек етті.
– Бірінші “Ж…-ға” деген өлеңін оқыдым. Оның енеме арналғанын бірден білдім. Өйткені, Кәкімбек ағаның тойына қайын ағам – Абай, нағашым – Мәлік және енем үшеуі барған болатын. Арада ондаған жылдар өткен соң алғаш көргенде ақын аға енемді танымай қалыпты. Нағашы ағамның “Дәуқарадан келдік. Ақбұзаудың Мәлік деген баласы боламын” дегенін естіген бойда Кәкімбек аға “Жамал бар ма?” деп сұрайды. Кәкімбек аға бірден өзінің зайыбы Мәрияммен енемді таныстырып, ол кісі тойдың соңына дейін енемді жанынан бір елі қалдырмай, алып жүріпті. Енем жас күніндегі өлеңдерін айтып, тойдың сәнін кіргізіпті. Мәриям апай енеме: “Кәкімбек сіз туралы жиі айтатын. Сізді бір көрсем деп армандаушы едім. “Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпес” деген, Кәкімбектей серінің сізге ғашық болмауы мүмкін емес екендігіне көзім жетті”, – депті. Кейін кетерде ол енемнің иығына шапан жауыпты, – деп еске алды Алмагүл келін.
Алмагүл енесінен “басқа өлеңдерін де оқып берейін бе?”– деп сұрайды. “Оқы”, дейді Жамал апай. Содан ол сол беттегі өлеңдерді түгел оқи бастайды. Кезек “Көңіл назы” өлеңіне келіп: “Баяғы қызыл ішік киген қызды, Боламын сағынсам да сағынбаған”, – деген өлең жолдарын оқыған сәтте: “Мынау мен. Менің сол кезде қызыл ішігім болатын”, – дейді Жамал апай толқып.
Демек, Алмагүлдің айтуына сүйенсек, “Жезкиік” әніндегі “қызыл ішік киген қыз” да біздің Жамал мұғалім болғаны ғой.

ӘУЛЕТІМЕН ҰСТАЗДЫҚТЫ ТАҢДАҒАН
Ұстаздыққа 35 жыл өмірін арнаған Жамал апайымыз қазір 82 жаста. Мектептен кейін Қызылжар қаласындағы педагогикалық училищені бітірген. Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетіне сырттай түседі, бірақ балаларының жағдайына қарайлап, оны аяқтай алмаған. Жұбайы Құнанбай Сердалин де 45 жыл бойы химия, биология пәндерінен сабақ берген. Қазір екеуінен тараған 8 баланың біреуі қайтқан, қалғандарының алтауы білім беру саласында еңбек етеді. Сегіз баладан 19 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.
Ата-анасының жолын қуған Амантай мен келіні Алмагүл де Дәуқара орта мектебінде мұғалім болып қызмет етіп жүр. Олардың төрт ұлының үлкені Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқыса, Әнуары 7-сыныпта, ал егіз ұлдары әлі кішірек. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойында Сердалиндердің педагогикалық әулетін облыс әкімі Серік Біләлов қабылдап, арнайы құттықтаған. Облыстың білім беру саласын дамытуда, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде қосқан риясыз еңбектері үшін өңір басшысы Серік Сұлтанғазыұлы отбасына кең жолақты түрлі түсті теледидар мен Алғыс хат табыстаған.
Бала үйінде анасына, мектепте жақсы көретін ұстазына еліктеп өседі. Ұстазына еліктеген көптеген оқушылар кейін мұғалімдік мамандықты таңдайды. Біздің сыныпта да Жамал мұғалімнен білім мен тәрбие алып қанат қаққан, кейін ұстаздықты таңдағандар көп болды. Солардың ішінде бұған дейін Ішкі әскердің Әскери институтында бірнеше жыл қызмет атқарған, полковник шенін алған, тарих ғылымының кандидаты, қазір Петропавл қалалық білім бөлімін басқарып отырған Ақжүніс Мұсырман, Айыртау аудандық білім бөлімін басқарған, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған, бүгінде аудандық мәслихат хатшысы Раушан Тілеубаева сынды оқушыларын Жамал апайымыз мақтанышпен еске алады екен.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Жамал мен Құнан-бай Сердалиндердің жас кезі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp