
Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін “Солтүстік” қысқы спартакиадасының алауы үстіміздегі жылы Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылында жағылды. Осымен 18-ші рет ұйымдастырылып отырған спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты.
Дамир АБУОВ,
журналист.
Жамбылдықтар мен сайысқа қатысушыларды құттықтап, спартакиаданы ашқан өңір басшысы Самат Сапарбекұлы өңірде бұқаралық спортпен айналысушылар саны 140 мың адамды құрағанын және 2013 жылы облыстағы спорт кешендерінің саны 14-ке өскенін атап айтты.
– Үстіміздегі жылы “Солтүстік – 2014” қысқы спартакиадасының алауы Жамбыл ауданында жағылғалы отыр. Өз ауданыңда осындай сайысты өткізу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Әрі жарысқа дайындық жұмыстарын жүргізуге көп күш-жігер жұмсалады. Осының барлығы спортшылар мен жанкүйерлер тарапынан ескерілсе екен деймін. Алдағы үш күннің ішінде өңіріміздің үздік спортшылары анықталмақ. Барлықтарыңызға шын жүректен сәттілік пен жеңіс тілеймін! – деді Самат Сапарбекұлы.
Спартакиаданың алауын жағу құрметі бұл жолы жеңіл атлетикадан спорт шебері, ҚР үш дүркін жеңімпазы, Ресей кубогының иегері, марафоншы Әскер Қожановқа бұйырды.
Спартакиада барысында 13 ауданнан ат терлетіп келген 200-ден астам спортшы спорттың 7 түрі бойынша сынға түспек. Жеңімпаз аталған құрама команда облыс әкімінің сыйлығы – “ГАЗель” автокөлігіне ие болады.
Суреттерді түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.