«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖЕЛТОҚСАНЫМ ЖАСЫМАҒАН ЖІГЕРІМ»

Тәуелсіздік тарихында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының алар орны айрықша. Ұлт қамы үшін алаңға шыққан қазақтың қайсар ұл-қыздарының азап шеккен жан шырылы әлі күнге дейін санада жаңғырып тұр. Шындық іздеп шарқ ұрған жерлестеріміздің бірі – Новоишимкадағы №2 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жанар Қалиевамен әңгімелескен едік.

– Жанар Кенжебайқызы,сіз әр қазақтың шымбайына батып, жүрегіне зілбатпан ауыр салмақ түсірген сол бір қаралы кезеңнің тікелей куәгерісіз. Ол кезде студент пе едіңіз?

– Иә, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының екінші курсында оқитынмын. 17 желтоқсан күні сабақтан шығып, жатақханаға келгеніміз сол еді, есік сарт етіп ашылып, курстасымыз Нұршат, тағы екі қыз, аттарын ұмыттым, бөлмеге жанұшыра жетті. Өңдері боп-боз. Бір-бірімен жарыса асығыпаптығып айтқан сөздерінен ұққанымыз – Брежнев атындағы алаңға қазақтың жастары жиналып, бейбіт шеру ұйымдастырып жатқан көрінеді. Басты себеп – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнына ешкім білмейтін және сырттан әкелінген Колбин деген келімсектің тағайындалуы.Бәріміз үрпиісіп қалдық. Өзөзімізге келген соң мәселенің мән-жайына әбден қанығып,алаңға баруды ұйғардық.Кешке таман алаңға адам сыймай кетті. Біздің тарапымыздан ешқандай тәртіп бұзушылық болған жоқ. Қас қарая улап-шулап автобусқа мініп, жатақханаға келсек,кураторымыз студенттерді түгендеп жүр екен. Түк білмегендей жөнімізге кеттік.

– Ертеңіне тағы митингке қатыстыңыздар ма әлде деканат үзілді-кесілді тосқауыл қойды ма?

– Оң-солымызды аңдай бермейтін, отша лапылдап тұрған албырт кезіміз. Алдыңғы жиынның дем бергені соншалық, 18 желтоқсан күні таңертең сабаққа барамыз деген сылтаумен жатақханадан сытылып шығып кеттік. Автобусқа мініп, М.Әуезов атындағы қазақ драма театры алдынан түсіп қалдық. Әрі қарай жаяу тарттық. Алаңға жиналғандарды бастарына каска киген, қолдарына шоқпар мен қалқан ұстаған солдаттар қоршап алыпты. Шерушілермен бірге саяси тәуелсіздікті талап етіп, ұрандатып тұрдық.

– Әкімшіл-әміршіл режімге қарсы наразылықтарын бейбіт түрде білдірген жандарға қарсы қанды қырғынның қалай басталғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші.

– Алдыңғы жақтан «Қашыңдар, суық су шашып жатыр» деген айғай естілді. Солақ екен, опыр-топыр басталып, топталған жұрт солдаттарды қаға-маға артқа қарай ұмтылды. Меніңше, бұл әрекет жастар алдымен өздері соқтығысты деген арандатушылық, арам пиғылға көбірек ұқсайды. Шамасы, өз еркімен тарамасын білгеннен кейін жоғарыдан күшпен еріксіз таратыңдар деген жымысқы пәрмен келген сықылды. Не керек, қару қолданған солдаттар мен милициялардың соққысына ұшыраған көпшілік жан сауғалап,әрі-бері сеңдей соқтығысты. Әл-дәрмені таусылған ашқұрсақ студенттердің қашып құтылуға да шамасы келмей,алаң нағыз қанды қасапқа айналды. Арадағы дүрбелең мен қорқыныш сезімі – сол кездегі ешкім түсініп болмас аласапыранның шын көрінісі еді. Жігіттер жағы қарсыласып, алысып бақты. Бірақ күш тең емес. Менің басыма ауыр соққы тиіп, жаным көзіме көрінді. Ұрғандардың бірі қазақ милиционері екенін аңдап қалдым. Оның жанындағы милиционер мың болғыр екен. «Тез тұр да кет, қарындас», – деп қолтығымнан демей берді. Жаныма батқан жарақатты елемей, қоршаудан сытылып шығу ниетімен бар екпініммен жүгіре жөнелдім. Содан ақсаңдап Мир көшесінен бірақ шықтым.Жаныма Гауһар, Шолпан,Бибігүл, Сәуле жиналып, жатақханаға жаяу-жалпылап жеттік. Түгендей келгенде жеті қыздың жоқ екені белгілі болды. Олар – қос Бақытгүл,Айгүл, Жұмагүл, Шаттыгүл,Зәуре және Гүлжаһан. Сұрастыра жүріп, аудандық ішкі істер бөлімдеріне қарасты абақтыларға қамалғанын білдік. Кешке қарай алтауы оралды. Торғайлық Бақытгүлдің көзі жарақаттаныпты.Ол ашу мен өкініш аралас дауыспен: «Бір қазақ милиционерімен тіресіп қалып,мені ұрып жіберді. Әттең, еркек болып тумағаным-ай»,деді. Соған қарағанда, қайсарлығы нағашы атасы Шәкір батырға тартқан сияқты.Шаттыгүл 15 тәулікке қамалып, босап шықты. Оның мінезі өжет болатын. Жатақханада кезекшілік қатаңдатылып, ішкі-сыртқы қатынас күрт үзілді.

19 желтоқсан күні сабаққа келсек, ағайлар мен апайларымыздың қабақтары түйіліп кеткен, жүздері күреңіткен, қарауға адам шошиды. Біт­пейтін жиналыс, тергеу бас­талды дерсің. Желтоқсаншы жеті қыз комсомол қатары­нан шығарылды. Онымен шектелсе, бір сәрі? «Комсо­молда жоқ студент жоғары оқу орнында оқымауы тиіс» деген желеумен оқудан шет­тету туралы шешім қабылдан­ды. Ата-аналары жылап-сық­тап алып кетті. Екі жылдан соң оқуларын жалғастыруға мүмкіндік алды. Кейбірі түрлі себептермен оқудан қол үзді.

Қалғандарымыз бір-бір ескерту, сөгіс арқаладық. Бұл – ең жақын құрбым Бақыт­гүлді соңғы көруім еді. Жү­рекке тікендей қадалған үл­кен өкінішім – осы.

– Дүниені дүр сілкіндірген қазақ жастарының наразылы­ғына шеру, қозғалыс, көтеріліс деген сияқты әртүрлі анықта­ма беріліп жүр. Сіз қалай си­паттар едіңіз?

– Алматыда алаңға шық­қан көпшіліктің әрекетіне байыбына бармастан «ұлт­шыл элементтер, бұзақылар, арамтамақтар, нашақорлар, ішкіштер, құқыққа жат қы­лық» деген теріс баға беріліп, еш негізсіз айыпталғаны белгілі. Тіпті тұтас халыққа «қазақ ұлтшылдығы» деген қара таңба басылған жоқ па? Қазақ жастарының бодан­дықтан бостандыққа ұмты­лысы тасада қалды. Қалай бағаласақ та, кейінгі ұрпақ үшін Желтоқсан оқиғасының тарихи мән-маңызы өл­шеусіз. Батылдық пен әділет үшін күрестің символы дер едім. Желтоқсан күрескерлері мен боздақтары жадымыздан өшпейді, әркез сақталады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp