«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ІСКЕ КІРІСЕДІ

Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап еліміз бойынша жаңа құрылым – жергілікті полиция өз жұмысына кірісетін болады. Құқық қорғау органдары жұмысындағы жаңашылдыққа өңірімізде дайындық барысы қандай деңгейде және бұл қызметтің қоғамдық тәртіпті сақтауда нендей ерекшеліктері бар? Осы мәселелер сенбі күні облыстық әкімдікте өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен жергілікті полиция қызметінің жаңа моделін талқылаған жұмыс кеңесінің күн тәртібіне қойылды. Бейнеселекторлық режімде өткен кеңеске Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Мұсақанов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләлов, құқық қорғау органдарының өкілдері, барлық аудандардың әкімдері қатысты.

– Мемлекет басшысы “100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында жергілікті полиция қызметін құру туралы тапсырма берген болатын. Ұлт жоспарының 30-қадамында атап көрсетілген міндетті орындау мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарынан елімізде жергілікті полицияның қазақстандық жаңа моделі қолданысқа енгізіледі, – деді кеңесті ашқан Ерік Хамзаұлы. – Бүгіндері облысымызда құқық қорғау органдарында жаңа реформаны жүргізуге дайындықтың негізгі жұмысы аяқталды.  

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Мұсақанов жергілікті полиция қызметінің жаңаша жұмыс ұстанымдарына егжей-тегжейлі тоқталды. Құрамына учаскелік полиция инспекторлары, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, табиғат қорғау полициясының, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшенің, қабылдау-орналастыру орнының қызметкерлері кіретін жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті сақтаудың жаңа әдістерін енгізбек. Сонымен қатар, олар жылына екі рет атқарған жұмыстары туралы өздері орналасқан аумақтағы әкімдердің, ал тоқсан сайын тұрғындар алдында есеп беретін болады.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жұмысы атқарушы билік органдарымен тығыз байланыста болатынын, бұл оның тиімділігін арттыратынын атап көрсетті.

Кеңестен соң Талғат Мұсақанов Петропавл қаласының Орталық алаңында орналасқан полицияның “Модуль” стационарлық постының ашылуына қатысты.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp