«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРЛЕС ҚАЛАМГЕРГЕ – ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА

Кеше Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, солтүстікқазақстандықтар туралы еңбектердің авторы болған Борис Петровтың облыс орталығының Пушкин көшесіндегі тұрған үйіне мәрмәрдан мемориалдық тақта орнатылды.

Борис Петров соғыстан кейінгі жылдарда Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. Биыл көзі тірі болғанда 95 жасқа толатын қаламгер қысқа ғұмырында “Таң” және “Ақ қайыңдар аралы” атты жинақтарын, “Шуақты өлке”, “Жапырақ түскен күз” және “Ақсуаттың оттары” хикаяларын жазған. Жалпы сегіз кітаптың авторы шығармаларын өзі сүйіп, қастерлеген әрі шуақты өлкеге балаған Солтүстік Қазақстанға арнаған.

– Өңіріміздің әдебиетін дамытуға өзіндік үлесін қоса білген осындай тұлғаны баршамыз мақтан тұтуымыз қажет. Ел көлемінде танымалдыққа ие болған көркемсөздің шебері әр туындысында туған жерді жыр еткен. Борис Николаевичтің осындай құрметке бөленуі орынды, – деді ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына жиналғандар алдында сөз алған қала әкімінің орынбасары Елена Балло.

Салтанатты шараға қатысқан жазушының қызы Валентина Петровнаның айтуынша, ол облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қабылдауында болып, әкесі, соғыс ардагері Борис Николаевичтің өмірінің соңғы жылдары өткен үйге ескерткіш тақта орнату жөніндегі өтінішін жеткізген. Енді, міне, тілегі жүзеге асқан ол облыс, қала басшылығына, қолдау білдірген азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Шара барысында сөз алған аға буын өкілдері: “Солтүстік Қазақстан” облыстық газеті шеф-редакторының орынбасары Болат Қожахметов, қала әкімінің баспасөз хатшысы Лариса Орловская және басқалар қаламы қарымды тұлғаның әдебиетке қосқан зор үлесі жөнінде тоқталып, оның адамгершілік қасиеттері жайындағы өз ойларын ортаға салды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp