
Облыс орталығындағы Спорт сарайында Александр Винокуров атындағы республикалық велокөпкүндіктің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Шара барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді сайыстың аяқталуымен құттықтаған атақты жерлесіміздің әкесі Николай Винокуров жарысты ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, сайысқа қатысушылардың арасынан болашақта Қазақстан атын әлемге танытатын Олимпиада чемпиондары шығатындығына сенім білдірді.
Жарыстың бас төрешісі Владимир Парахиннің айтуынша, Қызылжар ауданында өткен дәстүрлі сайысқа еліміздің, Ресейдің және Өзбекстанның 14 командасы, 90-ға жуық спортшысы қатысқан. Бес күнге созылған сайыс барысында велошабандоздар 70 және 80 шақырымды бағындырса, соңғы күндері жекелей және командалық есепте сынға түсті.
Сонымен, сайыстың жекелей есебінде жамбылдық Роман Дружинин жеңімпаз атанса, солтүстікқазақстандық Никита Кабачок – екінші, ал тағы бір жерлесіміз Сергей Мальцев үшінші орынға ие болды. Жалпыкомандалық есепте, жамбылдықтар велокөпкүндіктің жеңімпазы атанды. Ал Талдықорған және Петропавл қаласының өкілдері екінші, үшінші орынға жайғасты.
Шара соңында байрақты бәсеке жеңімпаздары мен жүлдегерлері демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздіктер қатарынан көріне білген спортшылар алдағы уақытта ел құрамасына алынуы мүмкін.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.