Өңір педагогтерінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, алқа мүшелері, білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп, колледждер директорлары қатысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова 2014 жылы атқарылған жұмыс қорытындысы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауын жүзеге асыруға байланысты 2015 жылы білім саласының алдында тұрған келелі міндеттерге тоқталды.
Облыстағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде білікті кадрлар тапшы. Бүгінде оларда 2389 педагог еңбек етуде. Мектепке дейінгі арнайы білімі бар мамандардың саны – 1213, оның 229-ы – жоғары білімді педагогтер. Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі жоғары білімді тәрбиешілер санын 30 пайызға жеткізу үшін 2016 жылға дейін 700 маман даярлап шығару керек. Мектепке дейінгі мекемелерде мамандығы сәйкес келмейтін педагогтердің жұмыс істеуіне жол берілмеуі тиіс, – деді білім басқармасының басшысы.
Облыста шағын жинақты мектептер (бүгінгі таңда 444) мәселесі өзекті болып отыр. Олардың 165-і кепілдендірілген нормативке сәйкес емес. Біріктірілген сыныптар да басымдыққа ие. Соның салдарынан білім сапасы төмендейді. Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында аудан әкімдері 13 мектепті жабу және 43-ін қайта құруды жоспарлауда.
Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау – білім сапасының негізгі көрсеткіші. Өткен жылы аттестаттаудан өткен 117 ұйымның 64-і ғана сынға төтеп берді. Үстіміздегі жылы 214 білім беру мекемесі аттестаттаудан өтуі тиіс. Қаңтар, ақпан айларында 13 мекеме аттестаттаудан өтті.
2014 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен 129 “Алтын белгі” үміткерінің 32-сі ғана білімдерін дәлелдеді. Оған қатысуға ниет білдіргендер саны басқа аудандарға қарағанда Ақжар, М.Жұмабаев, Тайынша аудандарында төмен. Осы мәселеге назар аудару қажет.
Қаңтар айында жалпы білім беретін пәндерден өткен облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша жаратылыстану-математикалық бағыттан – 35 оқушы, гуманитарлық бағыт бойынша сонша бала республикада бақ сынайтын болады. 2014 жылы біздің облыс 21 медальға ие болды. Үстіміздегі жылы ғылыми жобалар байқауында облыстың оқушылары 2-орынды еншіледі. 2015 жылы облыстың 18 мектебі халықаралық PISA, TIMMS мониторингтік зерттеулеріне қатысады.
Білім басқармасы басшының орынбасары Күлпаш Қалғожина сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты заңнама нормаларына тоқталды. Былтыр облыстың білім саласында 13 сыбайлас жемқорлық заң бұзушылығы орын алған. Оған 6 директор, 2 директордың орынбасары, 3 балабақша меңгерушісі, 2 білім бөлімі басшысы жол берген. Екі басшы жұмысынан босатылып, 11 қызметкер тәртіптік кеңесте жазаланса, сыбайлас жемқорлық қылмысына барған 2 басшыға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жаза кесілген.
Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова: “Жоғарыда айтып кеткендей, оқушылар республикада екінші орын алып отырса, ол сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, сіздердің жылдар бойғы жинақтаған абырой-беделдеріңізді осындай адамдар жоққа шығарады. Сыбайлас жемқорлыққа барған адамдар ол үшін заң алдында жауапқа тартылатындарын біледі. Жоқ адамға жалақы жазылып, оны мектеп директоры алғанда, ол өзінің заңсыз әрекетке барғанын біледі ғой. Мұндай істерге барғандар жазасын алу керек. Өзгелердің қателігі арқылы үйренуге болады. Ондай педагогтер білім саласына кездейсоқ келген адамдар деп ойлаймын. Өзіне артылған сенімді ақтап, дұрыс жұмыс істей алмағандарды ұстаудың қажеті жоқ”, – деді.
Алқа отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуді ұйымдастыру мәселелері жөнінде білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов баяндады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.