Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған “Тарт, домбыра!” атты шығармашылық байқаудың қорытындысы шықты.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен байқауға 12-29 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Байқау шарты бойынша әр үміткер домбырада күй немесе ән орындады. Қатысушылар өз өнерлерін бейнетаспаға түсіріп жолдады, ал олардың шығармашылық шеберлігі қашықтан бағаланды.
Жас ерекшеліктеріне қарай қатысушылар екі топқа бөлінді. Бұл сайыста Әділ Нұрлан мен Бәйімбет Құбайдолла сынды өнерпаздар бірінші орын алса, Мөлдір Омарова, Мәржан Қапсамат, Асанәлі Ораз, Ербол Серікбай екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Байқауда ұжымдық орындауда жүлдегерлер қатарынан көрінген Әуесхан Әлжапаров, Анатолий Ширяев, Данил Назаренко мен өзге де өнерпаздардың есімдерін ерекше атап өткен жөн. “Шабыт” домбыра мектебінің домбырашылар ансамблі де жақсы өнер көрсетті. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы атынан жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, сертификаттарға ие болды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.