Францияда футболдан Еуропаның кезекті чемпионаты өтуде. Оған алты топқа бөлінген 24 құрама қатысып, құрлық кубогы жолында бәсекеге түсті.
Топтарға Франция, Румыния, Албания, Швейцария; Испания, Чехия, Түркия, Хорватия; Германия, Украина, Польша, Солтүстік Ирландия; Англия, Ресей, Уэльс, Словакия; Бельгия, Италия, Ирландия, Швеция; Португалия, Исландия, Австрия, Венгрия құрамалары енген.
Бұл чемпионатта бұрын-соңды осындай жарыста аса кездеспеген оқыс оқиғалар орын алуда. Ол – ойын үстінде, яки кездесуден кейін құрамалар жанкүйерлерінің төбелесуі. Әуелі 1:1 есебімен аяқталған Англия – Ресей бәсекесінің үстінде екі жақтың жан-күйерлерінің төбелесі стадионда орасан жұдырықтасудан басталып, полиция араласуымен саябырлағанымен, кейін ойын өткен Марсель қаласының көшелерінде өршелене түскен.
Марсель полициясы 43 ресейлікті қамауға алған.
“Жығылған үстіне – жұдырық” дегендей, Ресей құрамасы топтағы 15 маусымда өткен екінші кездесуінде аса мықты емес Словакия футболшыларынан 1:2 есебімен ұтылып қалды. Енді Ресей футболшыларының топтан әрі асып, 8/1 финалға өтуі үшін үшінші кездесуде Уэльс құрамасын өте ірі есеппен ұтуы, ал Словакия ойыншылары ағылшындардан ойсырай ұтылуы керек. Бұл қолдан келе қояр ма екен?!
Франция құрамасы екі ойында жеңіске жетті. Алғашқысында Румынияны 2:1 есебімен ұтса, 15 маусымда Албаниядан 2:0 есебімен басым түсті. Демек, алаң иелерінің 6 ұпайы бар. Жарыстың келесі легіне өте алады. Сондай-ақ, Германияның, Испания мен Хорватияның, Италияның, Венгрияның мүмкіндіктері өзге қарсыластарына қарағанда молырақ.
Ал өзге топтарда жағдай әлі шиеленіскен күйде.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.