Мектебіміздің кешегі түлегі – Сәния Акипова бүгінде өз қалауы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын тамамдап, еңбек жолын туған жері – Өскен ауылында бастады.
“Жас келсе – іске!” дегендей, ол ұстаздық еткеннен бері мектебімізде тіл маманына деген тапшылығымыз жойылып, жақсы нәтижелерге жетудеміз. Ұстаз, әсіресе, сахналық қойылымдарға оқушыларын қызықтыра біледі. Олар Ахмет Байтұрсыновтың туғанына – 140 жыл, Батыр Баянның туғанына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған сахналық сайыстарда бас жүлделерге қол жеткізіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
9-сынып оқушылары Ақбидай Аяғанова “Киік – қазақ даласының бейнесі” атты республикалық қашықтық конкурсына қатысып, бірінші орынға ие болса, Балшекер Сәлімжанова жерлес ақын Кәкімбек Салықовқа арнап өзінің “Азамат ақын, ұлы тұлға” атты ғылыми жобасымен 2-орынға қол жеткізді.
Білген адам білімді өмір бойы іздейді. Сәния Қазезтайқызы оқушыларын түрлі сайыстарға даярлаумен шектелмей, өзі де мұғалімдер арасында өтетін додалардың бел ортасында жүреді. Мектебіміздің ең жас, жаңалыққа жаны құмар, еңбекқор, уақытпен ешбір санаспайтын, білімді, білікті, абыройлы маманы оқушыларға үлгі.
Ұлдай СҮЛЕЙМЕНОВА,
Өскен негізгі мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Айыртау ауданы.