«102» арнасына қоңырау шалған Петропавл қаласының тұрғыны 6 жасар жиенінің жоғалып кеткенін хабарлаған. Балақай әжесі мен тәтесінің үйінде қонаққа келіпті. Жуков көшесі бойындағы үйлердің бірінің ауласында ойнап жүрген балалар бір сәтте көзден таса болған. Жоғалған баланы алғашында тәтесі өзі іздестіріп, бұл әрекетінен нәтиже шықпаған соң, полицейлерге хабарласқан. Көп ұзамай оқиға орнына криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері келіп жетті, патрульдер бағдарланды. Құрамында полиция аға лейтенанты Бекжан Сәрсенбеков пен полиция лейтенанты Әділ Қалин бар Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының экипажы «City Mall» сауда үйі маңындағы аулалардың бірінде ойнап жүрген балалардың бірі іздеудегі ұлға ұқсайтынын байқайды. Абырой болғанда, бала дін аман екен. Ол әжесі мен тәтесінің үйіне әлдеқашан қайтқысы келгенімен, жолды ұмытып қалыпты.
Жоғалып, табылған баланың туыстары полиция департаментінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында тәртіп сақшыларына алғыстарын жеткізді. Онда: «Барлық полицейлерге, әсіресе баланы іздеуге көмек көрсеткен полиция лейтенанты Әділ Серікұлы Қалинге зор алғысымызды білдіргіміз келеді! Қамқорлықтарыңызға ризашылығымыз шексіз! Әрдайым адамдарға көмек қолын соза беріңіздер!», — делінген.
Патруль экипаждары өздерінің араласуын қажет ететін кез келген жағдайға дайын. «Кезекшілікке түскен кезде біз алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Алайда иығымызға артылған жауапкершілікті сезіне отырып, осы қызметті атқаруға әрдайым дайынбыз. Адамдардың алғысы бізге қуаныш сыйлап, бойымызға жігер береді», — деп ой бөлісті Әділ Қалин.