24 наурыз күні Петропавлда 18 жасар қыз үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Полицияның көмегіне жүгінген анасы қызының күндізгі сағат 12-лер шамасында кеткенін айтты. Қыз бала қаланы дұрыс білмейтін көрінеді, себебі олар былтыр жазда Тараз қаласынан көшіп келген екен.
Із-түзсіз жоғалған қызды іздестіруге Петропавл қалалық полиция басқармасының жедел уәкілдері мен облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері тартылды. Одан басқа, Lider.kz еріктілер қозғалысының белсенділерінің көп көмегі тиді. Бірлескен іс-әрекет нәтижесінде жоғалған қыз 26 наурыз күні түс әлетінде аман-есен табылды. Ол екі тәулік бойы қаланың орталығында тұратын таныстарының үйінде болған. Екінші полиция бөліміне жеткізілген ол анасына тапсырылды.
Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру туралы 38 өтініш түскен. Абырой болғанда, олардың барлығы табылды.