«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

 

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың үлкен залында өңір кәсіпкерлерінің форумы өтті. Онда бизнесті дамытуда мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мәселелері қаралып, биылғы жылдың қорытындысы шығарылды.

 

Форумды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірдегі іскер адамдар басқосуының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында қолға алынған “Бизнестің жол картасы – 2020” және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде бизнесті мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары қамтамасыз етілді. Бұл бағдарламаның жүзеге асырылған уақытынан бері республикалық бюджеттен біздің облысқа 9 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде біздің облысымызда 40 мың кәсіпкерлік субъектісі болса, соның 34 мыңы белсенді жұмыс істеуде, – дей келе облыс әкімі Ерік Хамзаұлы алдағы уақытта да саланы дамыту үшін қарқынды жұмыс жүргізілетінін айтты.

Кәсіпкерлер басқосуында облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов 2016 жылы облыста атқарылған жұмыспен таныстырды. Бүгіндері біздің өңірде 100 мыңнан астам адам кәсіпкерлікпен айналысады.

Мемлекеттік қолдауға ие болған ауыл кәсіпкерлерінің үлесі 53,5 пайызды құрайды. Осы орайда Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар кәсіпкерлерінің белсенділігін ерекше атап өтуге болады. Кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуы үшін қаржыландыру көздерінің алатын орны ерекше екені сөзсіз. Бұл ретте “Даму” қорының мамандары белсенділік танытып, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша нақты шараларды қолға алған. Мәселен, шағын және орта бизнеспен айналысуға ниет білдірген адамдарға ақыл-кеңес беру мақсатында түрлі оқу курстары ұйымдастырылған.

Бүгінге дейін Индустрияландыру картасы аясында 47 миллиард теңгенің 55 жобасы іске асырылған. Нәтижесінде екі мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Биыл 9 млрд. теңгенің 9 жобасын іске қосу жоспарланса, бүгінде оның 8-і өз жұмысын бастап кетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен “Қазақстандағы жаңа индустрияландыру: орнықты даму мен прогресс үшін” атты жалпыұлттық телекөпір барысында Тайынша ауданының Ильичевка ауылындағы “Тайынша-май” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің майлы дақылдарды өңдейтiн жаңа кәсiпорны іске қосылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жұмысын бастаған бұл зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға дейiн өнiм алуға мүмкіндік береді.

Қызылжар өңірінде ресейлік инвесторлармен бірігіп қолға алынған “Петропавл трактор зауыты” кәсіпорнының “Батыр” тракторы мен “ҚазТехМаш” зауытының “Сампо-Азия” комбайны биылғы күзгі орақ науқанына қатысып, сынақтан өтті. Заманауи техника сапа мен жылдамдығы жағынан аграршылардың көңілінен шықты.

Алқалы жиын барысында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға қатысты атқарылған жұмысқа кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылған уақытынан бері өңірімізде атқарылып жатқан ілкімді істер барысында 1600-ден астам ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіліп, оның 970-і өз ісін ашқан. Сондай-ақ, алдағы уақытта облыс орталығының “Береке” шағынауданында үш ірі сауда орны пайдалануға берілетін болады. Бұл тұрғындар саны артқан аудан үшін тиімді болмақ.

Кеңес соңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов бірнеше аталымдар бойынша үздік атанған кәсіпкерлерге Алғыс хат табыстады. “Үздік кәсіпкер – 2016” өңірлік сайысының “Үздік жас кәсіпкер”, “Ұқсату өнеркәсібі саласындағы үздік кәсіпкер”, “Сервистік қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер”, “Үздік әйел кәсіпкер” аталымдары бойынша Вера Сухова (Айыртау ауданы), Искендер Мурадов (Петропавл қаласы), Любовь Хамазина (Айыртау ауданы) және Гүлфия Омарова (Айыртау ауданы) жеңіске жетті. Ал Жамбыл, Есіл, Тайынша және Мағжан Жұмабаев аудандарының кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары Владимир Каторженко, Нұрлан Елжасов, Наталья Голубь және Әрсен Оразалинов өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға белсенді қатысқандары үшін облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp