Республикалық ардагерлер ұйымы – еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отырған қоғамдық бірлестіктердің бірі. Тарихы терең ұйым биыл өзінің отызжылдық мерейтойын атап өтуде. Мерекелік бағдарламаның біздің өңірде қалай жүзеге асып жатқандығын білу мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметовамен сұхбат жүргізген едік.
– Әдия Ысқаққызы, биыл республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Біздің өңірдегі аға буынның басын қосқан осы қоғамдық ұйымның тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Осыдан 30 жыл бұрын респуликалық ардагерлер ұйымының негізі қаланған кезде біздің өңірімізде де қоғамдық бірлестіктің бастауыш ұйымдары құрыла бастады. Алғашқы ұйым бүгінгі С. Киров атындағы зауытта құрылды. Сондай-ақ, өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі ұжымдар мен кеңшарларда да ардагерлер өз ұйымдарын құра бастады. Ардагерлер ұйымының құрылуы қоғамдық қажеттіліктен туған. Өйткені, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тоқырау заманының аса белең алған кезі, кеңес, партия ұйымдарының беделі әлсірей бастаған уақыт еді. Мәселен, сол жылдары зейнетақысын ала алмай, тұрмыстық жағдайы нашарлаған аға буын өкілдері көп болатын. Жаңадан құрылған ардагерлер ұйымдары аға буын өкілдерінің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайына мүмкіндігінше көмек көрсетуге тырысты. Сондай-ақ, аға буынның қоғамдық өмірге деген белсенділігін арттыру, тәжірибесін жастардың бойына сіңіру де көзделді.
Содан бері қоғам өзгерді. Сондағы күн тәртібінен түспейтін кейбір мәселелер бүгінде еске де алынбайды. Мәселен, зейнетақының уақтылы жеткізілмеуі дегеннің ұмытылғалы қашан. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі. Осы ширек ғасыр бойғы ел дамуына бүгінгі аға буынның қосқан үлесі қомақты. Олардың басын біріктіріп отырған ардагерлер кеңесінің қоғам мен билік алдындағы беделі зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз! Олар бүгінгі дәулетті, бейбіт, егемен елді қалыптастыру үшін аянбай күресті, еңбек етті. Сондықтан зейнет жасындағылардың жағдайын жасау – бүгінгі белсенді қоғам иелеріне үлкен міндет. Жалпы, қазақ даласы ақсақалдары мен ақжаулықты әжелерін құрметке бөлеуді еш ұмытпаған. Дәстүр жалғасын тапса, одан елдің тұғыры нығая түседі. Ақсақалдарымыздың көңіліне дақ түсірмей, кешегі еңбегі үшін қадірлей білуіміз керек. Мен өзім жас буынмен кездескен сайын “қарттарын сыйлаған ел азбайды, сыйламаған озбайды” деп құлақтарына құйып жүремін.
– Ардагерлер ұйымдары әртүрлі деңгейде, сан алуан салада құрылған. Олардың жұмысындағы үйлесімділікті бақылау облыстық ардагерлер кеңесіне жүктелген. Жалпы мекеме, кәсіпорын басшыларының аға буынға деген құрметі қандай? Қандай мекемелер қамқорлықтың жақсы үлгілерін танытуда?
– Облыстық ардагерлер кеңесінің әр ауданда филиалы жұмыс істейді. Өңір бойынша 539 бастауыш ұйымымыз бар. Олардың құрамында 79 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Жасында белсенді болған адамның бойынан қартайғанда да қуат кетпейді. Олар – “қартайсаң да өлімді ойлама, еліңді ойла” деген нақыл сөзді бойына сіңірген жандар. Өмірден көрген-түйгені көп ақсақалдарымыз өз білгендерін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруді ойлайды.
Өңірімізде абыройлы жұмыс істеп жатқан ардагерлер ұйымы аз емес. Аудандық ардагерлер кеңесінің барлығының жұмысына көңіліміз толады. Солардың ішінде Айыртау, Жамбыл, Ақжар, Мағжан Жұмабаев пен Уәлиханов аудандарындағы кеңестерді ерекше атауға болады. Ондағы ұйым төрағаларының қызметіне де жоғары баға береміз. Сондай-ақ, көптеген кәсіпорындар бұрын жұмыс істеген еңбеккерлерін ұмытпай, жылы ілтипаттарын білдіріп отырады. Әсіресе, зауыттарда, темір жол саласында, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде үлгі аларлық қалыптасқан дәстүр бар. Бастауыш ұйымдар әкімшіліктің қолдауымен ғана өз діттегенін жүзеге асыра алады.
Жалпы біздің өңірдің жергілікті билік органдары ардагерлер кеңесінің жұмысына үлкен мән беріп, мүмкіндігінше қаржылық қолдау көрсетеді. Алайда, ұмыт қалып жатқан ардагерлеріміз де жоқ емес. Мәселен, бұрын қаншама адамды жұмыспен қамтып, бүгінде жабылып қалған кәсіпорындардың зейнеткерлері ешқандай есепке тіркелмей қалған. Олардың арасында материалдық-адамгершілік тұрғыдан қамқорлыққа зәру жандар болуы мүмкін. Мұндай адамдардың әрқайсысын тауып, тізімге алуға біздің мүмкіндігіміз жете бермейді. Мәселен, қалада 40 мыңнан аса ардагер болса, соның 22 мыңы ғана ардагерлер ұйымына біріктірілген. Әсіресе, бұрын ауылда тұрып, қалаға көшіп келгендер ескерусіз қалады. Ондайда зейнеткердің өзі кеңсемізге келіп тіркелсе, құба-құп.
– Ұйымның отыз жылдығына байланысты республикалық шеңберде жоспар құрылып, түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мерекелік бағдарламаның бағыттары және одан күтілетін нәтиже туралы айтып өтсеңіз. Мерекеге дайындық кезінде қоғамдағы аға буынның қандай мәселесіне назар аударуды жөн көрдіңіздер?
– Бұл мерейтойға біз өткен жылдан бастап дайындалдық. Ұйымдастыру тобын құрып, аудандық және қалалық кеңестердің төрағаларын шақырып, жоспар жасап, ондағы шаралардың жүзеге асырылуын бірлесіп қолға алған болатынбыз. Жыл басынан бері әр аудан мерекелік шараға өз тартуын жасауда. Барлық ауданда салтанатты жиындар өткізіліп, ардагерлеріміз қошеметке бөленуде. Салтанатты шараға аудан әкімдері қолдау көрсетіп жатыр. Алғыс сөз естіп, марапат көрген сайын үлкендеріміздің көңілі марқая түсетіні сөзсіз. Әсіресе, елді мекендерде белсенді жұмыс жүргізіп жатқан бастауыш ұйымдардың төрағалары марапатталуда. Жақында сондай жиын Мағжан Жұмабаев ауданында өтіп, аудан әкімі бастауыш ұйымның қырықтан аса мүшесін марапаттады.
Облыс ардагерлерінің мәдени-рухани өмірінде үлкен серпіліс байқалады. Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан мұражайлар сайысының облыстық кезеңі өткізілуде. Оған қалалық және аудандық кеңестер де белсене қатысуда. Солардың ішінде Қызылжар ауданындағы Соколовка орта мектебіндегі мұражайды зор мақтанышпен айтуға болады. Бұл мұражай көптен бері жұмыс істейді. Оның негізін еңбек ардагері Виктор Огневой қалаған болатын. Бүгінде әкесінің ісін қызы Татьяна Дмитриевна жалғастыруда. Мұражайға Соколовканың ерте дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихын сипаттайтын төрт мыңға жуық жәдігер қойылған. Сондай-ақ, Тайынша ауданы Зеленый Гай ауылындағы этнографиялық мұражайды тамашалаған адам да өзіне көп рухани азық алады. Мерейтой шеңберінде мұрайжайға үлкен мән берілу себебі тарих туралы деректерді қалыптастыру, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру болып табылады. Мақсат – жастардың салт-дәстүрге қызығушылығы мен тарихқа деген сүйіспеншілігін ояту, бойларына патриоттыққа сезім ұялату. Тарихы бар елдің ертеңгі күнге деген сенімі зор.
Отызжылдық шеңберінде қоғамдық ұйымның белсенді мүшелеріне мерейтойға арналған “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті ардагері” төсбелгісін табыс етеміз. Республикалық ардагерлер кеңесінің мұндай төсбелгісі бар, ал өңірлер арасында біз бірінші болып қолға алдық. Ардагерлерге арналған “Құрмет кітабы” біздің кеңестің жобасы болатын, бүгінде басқа облыстарға да тараған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.