Бабаларымыз: “Бірінші байлық – денсаулық” деп бекер айтпаған, кез келген адам үшін одан асқан игілік, қымбат дүние жоқ. Бүгінгі таңда біз оған тағы бір көз жеткізіп отырмыз. Бүкіл әлем коронавирус деген бәленің бетін қайтарамыз деп жанталасуда. Осы күрестің алғы шебінде өз анттарына адал дәрігерлердің жүргені айтпасақ та түсінікті. Олар қазір күні-түні көз ілмей дауасыз дертпен күресуде.
Мен мұны неге айтып отырмын: біз дәрігерлерді алақанға салуымыз, олар үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Өкініштісі, осы салада қайда болмасын шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Мысалды алыстан іздемей, өзіміз тұрып жатқан Шал ақын ауданын алатын болсақ, бізде маман дәрігерлер жетіспейді. Айталық, аудан бойынша эндокринологтың көмегіне мұқтаж 1400 адам есепке алынса, бізде емдейтін маман жоқ. Оташылардың да саны саусақпен санарлықтай ғана. Флюорографиялық, ультрадыбыстық тексерістерден өтудің де машақаты көп. Қазір елімізде төтенше жағдай жарияланған кезеңде осындай мәселелер бізді қатты алаңдатып отыр.
Шыны сол, бұл әңгіме көтерілгелі де біраз жылдың жүзі болып қалды. Жылда айтамыз, уәдеге қарқ боламыз. Алайда, жағдайдың жақсаратын түрі байқалмайды. Баяғы жартас, бір жартас.
Қысқа жіп күрмеуге келмей, мүмкіндік болмай жатса, бір сәрі ғой. Құдайға шүкір, қазір өткен ғасырдың 90-жылдарындағыдай жерге қарап отырған жоқпыз, бәрі бар, әлеуетіміз күшейді. Тұрғын үй құрылысы тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда, шағын елді мекендерде де қарқын алған. Олардың қатарында Сергеевка қаласын да атауға болады. Биыл мұнда аудандық ауруханадан таяқ тастам жерде мемлекеттік бағдарлама бойынша он төрт пәтерлік екі тұрғын үй бой көтерді. Орталық жылу жүйесіне қосылған, сумен, жарықпен қамтамасыз етілген жайлы үйлер. Әкімдердің өткен есептік кездесулерінде жылда айтып жүрген сөздерімді қайталап, осы екі үй де медицина қызметкерлеріне бөлінсе, осындай қамқорлықтан аудандық аурухананың үшінші қабатында тұрып жатқан орта буын мамандар да шет қалмаса екен деген тілегімді жеткізген едім. Обалы не керек, ауданымыздың әкімі Нұрлан Есімов бұл ұсынысымды қолдады. Бірақ қазір байқап отырмын, бірен-саран үйдің кілті ғана дәрігерлердің қолына тиетін сияқты. Осыдан кейін олар өздеріне жағдай жасайтын қолайлы жер іздеп кете бастаса, не уәж айтамыз?! Қолында билігі бар басшыларға әлі де болса ойланыңыздар, мәселенің тереңіне бойлаңыздар дегім келеді. Ертең кеш болуы мүмкін. Тұрғындардың денсаулығына қауіп төніп тұрған бүгінгі күні, ең алдымен, медицина қызметкерлерінің сапалы қызметіне мұқтаж екенімізді естен шығармайық.
Әйтеуір, денсаулық сақтау мәселесін қозғағаннан кейін, аудандағы “Жедел жәрдем” қызметінің сапасы да сын көтермейтінін айта кетейін. Бүгінгі таңда науқас адамға “Жедел жәрдем” шақыру үшін алдымен Петропавл қаласына хабарласуға мәжбүрміз. Аудандағылар облыстың рұқсатымен ғана келеді. Мұның қандай машақат екенін өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар. Тіпті, “Жедел жәрдем” деген атына сай емес қой.
Халық үніне құлақ асатын билікке айтар осындай назымыз бар. Бұған тиісті орындар не дер екен?
Манабай ҮМІТБАЕВ,
еңбек ардагері, Шал ақын ауданының құрметті азаматы.
Сурет https://newkuban.ru/ сайтынан алынды.