«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖҮГІРУ МАҒАН ЖҮК ЕМЕС!” дейді жетпіс төрттегі марафоншы

Қазіргі уақытта елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде де саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылдану адам денсаулығын нығайтудың қайнары екеніне көзімізді жеткізіп, тіпті, жасы шау тартса да, кәрілікке мойынсынбай жүрген адамдар жайында айтылып та, жазылып та келеді. Біз осындай адамның бірі, Петропавлда бірнеше жылдардан бері жеңіл атлетикамен шұғылданып жүрген жүгірушілердің “Надежда” клубын құрған Алик Кәрімұлы Әзмұхамбетовты сұхбатқа шақырған едік. Жетпіс төрттегі қарттың қимылы мен жүзіне көз салғанда оны осындай жаста деп айту қиын.

– Алик Кәрімұлы, сіз осы бір аса пайдалы спорт түрімен айналысуға қашан және қандай жағдайда ден қойдыңыз?

– Өткен ғасырдың 80-ші жылдары жер-жерде осындай клубтар құрыла бастады ғой. Мысалы, біздің қаладағы Киров зауытында Анатолий Клевакин деген әуесқой жүгіруші “Бодрость” клубын ұйымдастырды. Ол сол жылдары одақтық және республикалық басылымдардан, әсіресе, “Физкультура және спорт” журналынан және басқа арнаулы газеттерден адам денсаулығы үшін жүгірудің пайдасының мол екенін оқып, оны қалада насихаттай бастады.

Мен сол кезде стенокардия ауруына шалдыққан едім. Тыныс алуым, жүріп тұруым аса қиын болды. Небары 42 жастамын. Мен де, соған қарамастан, осы клубқа жазылдым. Әуелгіде адам айтқысыз қиын болды десем, нанасыз ба? Шындығында да, солай болды. Мен қаланың тұрғындарға қызмет көрсету орталығының маңында тұрамын. Қазіргі Абай көшесінен қалалық саябаққа дейін жүгірмек болған едім. Қайтарда жүгіру қайда, аяңға басып, үйіме әрең жеттім.

Бірақ, мен – алған бетімнен қайтпайтын адаммын. Осы қайсарлығыма бастым. Содан қашықтықты күннен-күнге ептеп ұзартып, төрт жыл бойы “Бодрость” клубында жаттықтым. Байқаймын, тынысым кеңіп, әл-қуатым нығайып келеді.

1986 жылы “Өзім осындай бір клуб ұйымдастырсам қайтеді?!” деген ой келді де, “Қарасай” стадионын пайдаланып, осында жаттығу үшін оның директоры Михаил Дугарьмен ақылдасып едім, қарсы болмады. Бізге екі бөлме берді. Клубты “Надежда” деп атадық.

Жанымда біраз серіктерім бар. Біз енді жай жеңіл-желпі жүгіруді былай қойып, марафонмен айналысуды ұйғардық. Өзіңіз білетін шығарсыз, марафонның негізгі қашықтығы 42 шақырым 195 метр ғой. Алайда, соңғы кездері марафон 100 шақырымға жететін болды. Бірте-бірте осындай қашықтықта жүгіруге бейімделдік. Міне, сол 1986 жылы мен тұңғыш рет Москвада өткен халықаралық марафонға қатысып қайттым.

– Клуб мүшелерінің ұзынырғасы қанша адам?

– Бастапқыда жетпіске тарта әуесқой жиналды. Отбасымыз болып, жүгірумен айналыстық. Кейін кетіп қалғандар да бар. Бірақ олардың орнына жаңа әуесқойлар келіп жатты. Жүгірумен тұрақты айналысу үшін табандылық керектігін ұқтым. Аянбай тер төгесің. Онсыз даярлық, төзімділік дегенге қол жеткізе алмайсың. Ол, мысалы, жинақ кітапшаңа салған ақшаң сияқты. Қанша жинасаң, сонша аласың ғой. Жүгіру де солай, жетістігің, төзімділігің төккен теріңе, жаттығу деңгейіңе байланысты болады.

– Мүмкін сіз жүгірумен айналыспай тұрып, спортпен шұғылданған шығарсыз? Мұны сұрап отырғаным, кез келген адам елуге таяғанда спортпен, оның ішінде жүгірумен айналысып кете алмайды ғой?

– Бұл рас. Мен әскерде болғанымда кросс жүгіретінмін. Гантельмен жаттықтым, гір көтердім. Бірақ ұдайы емес. Ал жүгіруге ден қойғаннан кейін қол үзбеуді күн тәртібіне енгіздім.

Мысалы, біз клубтың жиырма шақты мүшесі әрбір жексенбі күндері Петропавлдағы Достық үйінің алдына таңғы сағат сегізде жиналамыз да, топтасып жүгіреміз. Әуежайға қарай. Кейбіріміз әрі кетеміз де, қалғандары Пестрое көліне дейін немесе Озерное ауылына таман барады. Әркім өз әліне қарай, бірін-бірі қыстау деген болмайды. Мен клуб жетекшісі ретінде оның мүшелеріне “Мақсатымыз – рекорд орнату емес, жүгірудің пайдасын біліп, одан ләззат алу”, – деп айтамын.

– Мүшелердің жас шамасын білуге бола ма?

– Орташа алғанда, қырық жас шамасында. Төрт зейнеткеріміз бар. Жастары – алпыс пен жетпістің арасында.

Бастапқыда зайыбым бірге жүгіріп еді. Тіпті, жиырма шақырымға шыдайтын. Кейін қойып кетті. Себебі, көзі ауырады. Ал жүгірген кезде көзге де ауыртпалық түсетіндіктен, сырқатты асқындырып алғысы келмеді.

– Жүгіру жүректің соғуына әсер етеді ғой. Демек, сізде бұл қалыпты шығар деп ойлаймын?

– Жүрегімнің соғуы дұрыс. Сондықтан, Құдайға шүкір, қиындық көрмеймін деуіме болады. Жүгірген кезде адамның жүрек-қан тамырлары жүйесі тазарады екен. Холестерин азаяды. Салмағы жеңілдейді. Мысалы, менің салмағым – 60 килограмм. Бойым – 1 метр 67 сантиметр. Адамның салмағы қаншалықты жеңіл болса, оның қимылы да ширақ қой. Артық салмақ – ағзаның жауы. Бұл медицинада әбден дәлелденген. Сондықтан, жүгірумен тұрақты айналысқан адамда артық салмақ мәселесі туындамайды. Қаладағы атқарушы механизмдер зауытында технолог болып жұмыс істеген кезімде үстел басында көп отыратынмын, дене қимылы жоқ, салмағым 76 килограмм еді. Ағзадағы өзгерісті өзіңіз шамалай беріңіз.

– Осы орайда сіздер дәрігермен ақылдасасыздар ма дегім келеді?

– Алғашқы кезде “Қарасайдағы” біздің клубта дәрігеріміз болды. Қазір жоқ. Өйткені, 1991 жылдан былай оған ақы төлеуді қалтамыз көтермейтін болды. Бізге “Жастар” стадионынан орын беріп еді, оны ұстап тұруға шамамыз жетпегендіктен, дәрігерден бас тарттық.

Клубқа салынып жатқан Спорт сарайынан орын бермек. Оны енді уақыт көрсетеді.

– Ал темекі мен ішімдікке қалай қарайсыз?

– Бұрындары екеуі де әдетімде ептеп болғанын жасырмаймын. Бірақ мүлде ұмыттым қазір. Ал серіктерімнің ішінде осы әдеттері барлары да қойып кетті. Себебі, тынысы жетпегендіктен, темекі тартпайтын әріптесіне ере алмайтын адам намыстанбай ма?! Сосын ол да арылады бұл жаман әдеттерден. Саламатты өмір салтына осылай бейімделеді.

– Спорттық дәрежеңіз бар ма?

– Бар. Мен 53 жасымда жеңіл атлетикадан спорт шеберінен үміткер атағын алдым. 1993 жылы қараша айының аяғында біз – он алты адам – Тәуелсіздік күнінің құрметіне Петропавлдан Алматыға жүгіріп шықтық. 1800 шақырым қашықтықты өтіп, оңтүстік астанаға жеттік. Осы жетістігіміз үшін біздің бәрімізге аталған спорт дәрежесін берді. Алайда, мен бір спорттық дәреже иелену біздің мақсатымыз еместігін қайталап айтқым келеді. Көздейтініміз – деніміздің саулығы, саламатты өмір салтын ұстану.

– Жүгірумен айналысқаннан бері қанша марафонға қатыстыңыз?

– Омск, Челябинск, Москва, Санкт-Петербург қалаларындағы халықаралық марафондарды айтқанда, жетпіс жасыма дейін солардың қырық тоғызында жарыс жолына шығыппын.

Москвада халықаралық марафон ұйымы құрылған. Біздің еліміздің атынан мені оған басқарма мүшесі етіп сайлаған. Сол себепті жыл сайын қыркүйек айының соңында Москваға баруыма облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы маған қаржылай көмек жасайды. Сол конференциядан кейін он, жиырма, қырық шақырым қашықтыққа жүгіреміз. Мен, жоғарыда айтқанымдай, жетпіс жасыма дейін ұзақ қашықтықтарда жүгірсем, қазір олар сәл қысқарды.

– Кейде “Бізге қолдау көрсетпейді” деп ренжитіндер кездеседі. Ал сіз оны жоққа шығарып отырғандайсыз?

– Мен өз басым, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, оның басшысы Руслан Есеналинге өкпе айта алмаймын. Мәселен, жоғарыда айтып өткен марафондарға қатысқандарға жолақымызды, тамақтануымызды, қонақүй шығындарын үнемі төлеп, көмегін аямай келеді.

– Сіз әлгінде әр жексенбі күндері жаттығумен шұғылданамыз дедіңіз. Содан соң басқа жарыстарға, айталық, өз өңірімізде қатысасыздар ма? Бұларға аса мол қаражат қажет емес қой?

– Жүгіреміз. Мысалы, Соколовкаға, Смирновоға барып келеміз. Қорған облысындағы Петуховоға, сондай-ақ, Екатеринбургке автобуспен жетеміз де кейін қарай жүгіріп қайтамыз. Петухово біздің қаладан тура жүз шақырым жерде.

– Арнайы бір салтанаттарға орай марафон ұйымдастырасыздар ма?

– Әрине! Мысалы, Ұлы Жеңістің салтанаттарына арнап марафондар өткіздік. Айталық, біздің қаламызда 314-ші атқыштар дивизиясы жасақталған. Ол алғашқы майданға Ленинград түбіндегі “Лодейное поле” деген қалада кірген. Сондықтан 1995 жылы – Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған марафонды сол қалада өткіздік. Одан өзге 60 жылдық мерейтойға арнап жүгірдік. Онда дивизия командирі және басқа да жерлес жауынгерлерімізге топырақ бұйырған. Сол себепті біз мұны ардақ тұтып, олардың қабірлерінің топырағын Петропавлға жүгіріп жеткенде ала келдік.

– Әңгімеміздің барысында жүгірудің пайдасына көзімізді жеткіздіңіз. Сондықтан Сізге ризашылық білдіре отырып, жаңа жетістіктер, ал, ең бастысы, ұзақ ғұмыр тілеймін!

– Рахмет!

Әңгімелескен  

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: А. Әзмұхамбетов.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp