Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…”, – дей келіп, “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасын жүзеге асыруды ұсынған болатын.
Бұл, сөз жоқ, елеусіз жүрген ерекше тағдыр иелерін табуға, үлкен іс тындырып жатқан азаматтарды саралап, ел игілігіне айтарлықтай үлес қосқан жаңа есімдерді анықтауға жол ашатын жақсы бастама.
Халық жаңа тұлғаларға зәру. Алайда, әлі күнге оны жүзеге асыру тетіктері жан-жақты ойластырылмаған секілді. Олай дейтінім, өткен жылы тізімге танымалдығы төмен, аса бір ауыз толтырып айтарлықтай ісі жоқ адамдардың да еніп кеткені жасырын емес. Айталық, бір облыста “Жүз жаңа есімнің” қатарына мейірбикенің енгенін естідік. Қандай ерлігі үшін дейсіз ғой. Жол жүріп келе жатып вокзал басында аяқ астынан толғақ қысқан жас ананы босандырып алған. Дұрыс-ақ. Өмірде мұндай жағдайлар, бұдан да күрделі оқиғалар кездесіп жатады. Сондай оқиғаларға тап болғандарға, тіпті, өмірін қауіпке тігіп, қол ұшын беретіндер де аз емес. Бірақ солардың бәрі бірдей жұртқа үлгі ретінде ұсынатындай, ел мақтан ететіндей жүзден озған жүйрік болмауы да мүмкін ғой.
“Қазақстандағы 100 жаңа есім” – бұл шындығында да бұрын-соңды болмаған жоба. Әрине, ел тұрғындары арасынан жүз адамды іріктеп алу оңай шаруа емес. Олай болса, үміткерлерді ұсыну мен іріктеудің маңыздылығын естен шығармағанымыз жөн. Қарғаны қанша аспанға лақтырсаң да қырандай самғай алмайды. Байқау қорытындысын шығарғанда, ең алдымен 100 адамның 18 миллионның ішінен таңдалатынын ұмытпауымыз керек. Демек, тізімге жүйріктердің жүйрігі, жұлдыздардың жұлдызы ғана енуі керек. Оны ескеріп, халықаралық байқауда топ жарып, туған елінің абыройын асқақтатқан Самал Есләмованы қолдайық деп жатқан ешкім жоқ, әркім өзін, тамыр-танысын ұсынып, қол жинап әуре-сарсаңға түсуде.
Қай салада, қай өңірде болмасын таңдаулы жүздікке лайық жандар бар. Тек соларды іздеу, іріктеу барысында біржақты қарамай, азаматтың тұлғалық қабілетіне де баса назар аудару, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты талқылау керек. Олай болмаған жағдайда, “Жібекті түте алмаған жүн етеді” дегеннің кері келуі мүмкін. Бір ғана мысал, өткен жылы біздің облыстан жүздікке бұрынғы етікші енді. Жолын тапқан шығар, ене берсін-ау, бірақ сол “таңдаулымыз” арада аз уақыт өткеннен кейін әріптесін боқтап-ластап, соттың алдынан бір-ақ шықты.
Ғаламторда өткен жылы жалпы, іріктеу кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берді деген дерек бар. Бұл, әрине, аз. Алғашқы қадам ғой, көш жүре түзелетін шығар деп үміттендік. Өкінішке қарай, биылғы дауыс берудің барысы да бұл жобаның бір жүйеге түсе қоймағанын аңғартып отыр. Тізімде кім жоқ дейсіз?! Халық асабаға да дауыс беріп жатыр …
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.